Accessibility links

Каримов қызының Еуропада қалған ақшасын қайтарып алуға ниетті


Өзбекстан президенті Ислам Каримовтың қызы Гүлнара Каримова.
Өзбекстан президенті Ислам Каримовтың қызы Гүлнара Каримова.

Өзбекстан үкіметі Еуропа банктерінде бұғатталып жатқан 1 миллиард доллардан астам ақшаны қайтару жоспарына кірісті.

Швейцарияның L'Hebdo газеті «Президент Каримов ханшайым қызының ақшасын қайтарғысы келеді» деген мақаласында жазуынша, Өзбекстан билігі «қаржылық қылмыс жасаған адамдар баяғыда сотталған, ал Өзбекстан - олардың коррупциялық қылмыстарының құрбаны» деп мәлімдеп, АҚШ-тың әділет министрлігіне жүгінген.

Мақала авторы Франсуа Пиленің Азаттыққа айтуынша, Өзбекстан үкіметі Еуропа банктерінде бұғаттаулы жатқан активтерді қайтару үшін Holwell Shuster&Goldberg адвокаттық компаниясын жалдаған әрі оның көмегімен 4 қаңтарда Нью-Йорк судьясы Эндрю Картерге Өзбекстан әділет министрінің қолы қойылған хатты табыстаған.

– Әлгі хатта АҚШ бұғаттаған есеп-шоттарда жатқан 500 миллион доллардан көп ақша Өзбекстанға тиесілі делініп, ал Өзбекстан кейбір кәсіпкерлер жасаған қылмыстардың тікелей құрбаны ретінде көрсетілген. Бірақ ол хатта президент Ислам Каримовтың қызы Гүлнара Каримованың есімі аталмайды. Хатта Гүлнараның көмекшісі Гаяна Авакян, көңілдесі Рустам Мадумаров, Бахадыр Эргашев және өзгелердің аты-жөні келтірілген. Өзбекстан билігінің мәлімдеуінше, коррупциялық схемалар құрып, ірі көлемдегі коррупциялық ақшаны иемденген әлгі адамдар тиісті жазасын алған. Өзбекстан билігі «Біз оларды қамадық, әлгі қылмыстар Өзбекстанға қарсы жасалған, сондықтан ақша Өзбекстанға қайтарылуы тиіс» деп мәлімдейді», – дейді швейцариялық журналист Франсуа Пиле.

БҰҒАТТАЛҒАН АКТИВТЕР КОРРУПЦИЯЛЫҚ ЕЛГЕ ҚАЙТА МА?

Нью-Йорк судьясы журналистерге Өзбекстан үкіметі өтінішіне қатысты әзірше комментарий берген жоқ. Азаттықтың Өзбек қызметіне белгілі болғандай, судья бұл іс бойынша алдын ала сот тыңдауын 2016 жылдың 27 қаңтарына белгілеген.

Өзбекстан президенті Ислам Каримов.
Өзбекстан президенті Ислам Каримов.

– Бұл мәселе АҚШ-тың әділет министрлігін өте қиын жағдайда қалдырып отыр. Егер судья Өзбекстан үкіметі пайдасына шешім шығарса, Еуропа банктеріндегі есеп-шоттарда бұғаттаулы ақша коррупциялық былыққа батқан Өзбекстанға қайтуы тиіс. Бізге белгілі болғандай, судья Өзбекстан билігінен өтініште айтқан жайттарды растайтын деректерді көбірек келтіруді сұрап отыр. Бірақ коррупциялық қылмыс жасады деген айыппен Өзбекстанда қамалған тұлғалар Гүлнара Каримованың ең жақын адамдары екені белгілі. Сондықтан Өзбекстан бұл процесте оңайлықпен жеңе алмайды, – дейді Франсуа Пиле.

2013 жылы АҚШ пен Еуропада ірі коррупциялық тексерулер басталғаннан кейін Гүлнара Каримова мен оның жақын адамдарының иелігінде деп болжанған кәсіпорындар да тексерілген.

Телекоммуникациялық ірі үш компания – TeliaSonera, VimpelCom және МТС компаниялары Өзбекстанның ұялы байланыс нарығына кіру үшін ел президентінің үлкен қызына 1 миллиард АҚШ долларынан астам көлемде пара берген деген айыптаудан кейін АҚШ-тың әділет министрлігі Еуропа мен АҚШ-тың бірқатар банктерінде сақтаулы ол ақшаны бұғаттауды ұйғарған.

– Екі жарым жыл бұрын Швейцария, АҚШ және өзге елдердің банктеріндегі есеп-шоттарда жатқан 1 миллиард АҚШ долларынан көп ақша бұғатталған болатын. Әлгі ақшаның көп бөлігі Швейцария банктерінде жатыр. 800 миллионнан аса швейцария франкі Швейцария банктеріндегі есеп-шоттарда бұғаттаулы. Кейін АҚШ мыңдаған доллар ақшаны бұғаттап тастады. Люксембург, Ирландия және Бельгия банктері де осылай істеді. Бұл ақшалар «коррупциялық схемалар арқылы Гүлнара Каримоваға пара ретінде берілген» деген мәлімдемелерден кейін бұғатталды, – дейді журналист Франсуа Пиле.

«ГҮЛНАРА ЖАЙЛЫ БІР СӨЗ ЖОҚ»

Өзбекстан үкіметі Швейцария немесе өзге елдердің әділет министрліктеріне бұғатталған ақшаны елге қайтаруды сұрап өтініш жолдады ма, жоқ па – бұл жағы Азаттыққа әзірше белгісіз.

– Егер қисынға сүйенсек, Өзбекстан Швейцарияға да осындай өтініш жолдайтын шығар, – дейді Франсуа Пиле.

Гүлнара Каримованың күдікті мәмілелері жайлы алғаш рет 2012 жылы Швецияның қоғамдық телевизиясы әзірлеген хабардан кейін белгілі болған.

Гүлнара Каримованы тұтқындау сәті. Өзбекстан, 16 қыркүйек 2014 жыл.
Гүлнара Каримованы тұтқындау сәті. Өзбекстан, 16 қыркүйек 2014 жыл.

Кейін бұл тақырыпқа Швецияның ТТ ақпараттық агенттігі мен Норвегияның Klassekampen газеті де материалдар әзірлеген.

Мақалалардың бәрі коррупциялық және ұйымдасқан қылмыстарды зерттеу жөніндегі халықаралық орталықпен (Organized Crime and Corruption Reporting Project, OCCRP) бірлесіп әзірленген.

Ол материалдарда Швеция мен Финляндияның TeliaSonera телекоммуникациялық компаниясы, Ресей мен Норвегияның VimpelCom компаниясы ұялы байланыс желісін тартуға лицензия алу үшін Гүлнара Каримованың жақын адамдарына миллиондаған доллар төлегені жарияланған.

Қазір TeliaSonera мен VimpelCom телекоммуникациялық компанияларын Швеция, Голландия және АҚШ-тың құқық қорғау органдары тексеріп жатыр.

– Бұғаттаулы есеп-шоттардағы ақшаны қайтаруға ниетті Өзбекстан үкіметі ол өтінішінде Гүлнараның есімін атамайды. Өйткені оның есімі коррупциялық іске қатысты аталатын болса, олар ақшаны қайтара алмайды. АҚШ пен Швейцарияның әділет министрліктері Гүлнара Каримова ұрлаған ақшаны әкесіне қалай қайтарады? – дейді Франсуа Пиле.

Қазір Өзбекстан президентінің үлкен қызы Гүлнара Каримованың тағдыры жайлы ешқандай нақты ақпарат жоқ. Азаттықтың бейресми дереккөздерінің айтуынша, Өзбекстанда Гүлнара Каримованың соты жабық режимде өткен. Сот оны үй қамағына алу туралы үкім шығарған.

Азаттықтың Өзбек қызметінің мақаласы.

XS
SM
MD
LG