Accessibility links

"Ақбұлақ" бағдарламасын орындауда кемшілік бары айтылды


"Сорос Қазақстан" қоры қолдауымен ашылған "Айқындық және есептілік" бағдарламасының координаторлары Алма Қонарова (сол жақта) мен Марина Цыганкова. Астана, 19 ақпан 2016 жыл

"Сорос Қазақстан" қоры қолдауымен ашылған "Айқындық және есептілік" бағдарламасының координаторлары Алма Қонарова (сол жақта) мен Марина Цыганкова. Астана, 19 ақпан 2016 жыл

Бүгін «Алма-Ата іскерлік үйі» бизнес орталығында өткен «Ангел» қоғамдық бірлестігінің жиынында «Ақбұлақ» халықты ауыз сумен қамту мемлекеттік бағдарламасына жасалған қоғамдық мониторинг есебі тыңдалды. Бес облыс бойынша жүргізілген мониторинг координаторлары бағдарламаны орындау кезінде "әлдебір қаржылық заңсыздықтар, ауыз сумен қамтудың қажеттілігін зерттемеу, су құбырын жүргізетін компаниялардың алдап кетуі" сияқты фактілер анықталғанын айтады. Бұған қоса кейбір облыста тұрғындардан тартылған су жүйесіне қосылу үшін "тарифпен ақша алынғаны" да байқалған. Мониторинг координаторларының бірі Алма Қонарова «мемлекет қаражатының мақсатсыз пайдалану көріністері байқалғанын» айтты.

- Мәселен, Алматы облысының Теректі ауылындағы 15 километр ауыз сумен қамту жүйесін жөндеуге 2014-2015 жылдары 552 миллион теңге бөлінген. Бірақ осы қаражаттан тек жобалық сметалық құжатқа 129 миллион теңге бөлінген. Салыстыру үшін тұрғын үй коммуналдық шаруашылық комитеті берген мынадай дерек келтірейін: Ақтөбе облысындағы екі ауылдың барлығы 32 километр ауыз су жүйесін жөндеуге 430 миллион теңге бөлінген. «Ақбұлақ» бағдарламасындағы әлдебір заңсыздықтар көрініп тұр, - дейді Алма Қонарова.

Ақмола облысы бойынша мониторинг координаторы Фатима Хампиеваның айтуынша, су құбырларын тарту кезінде құрылыс компанияларының "алдап кеткен кездері" де болған.

- Жақсы ауданында су құбыры 2014 жылы тапсырылуы тиіс болған. Бірақ мердігер компания ақшаны алып, құбырды тапсырмаған. Әкімдік сотқа жүгініп, 2015 жылы басқа компания су құбыры құрылысын аяқтап тапсырған, - деді Фатима Шампиева.

Ақтөбе облысы бойынша қоғамдық мониторинг координаторы Марина Цыганкованың сөзінше, кей елді мекендерде тартылған су жүйесіне қосылу үшін тұрғындардан негізсіз көтерілген тарифтер бойынша қаражат сұралған фактілер байқалған.

- Бір ауылда құбыры үйге тартылған суды қосу үшін 30 мың теңге сұраған. Наразы болса да тұрғындар төлеген. Бір ай бойы құжат жинаған. Тағы бір ауылда ел наразы болған соң тариф бағасын 17 689 теңгеге түсірді. Қазір бұл тариф 4200 теңге. Айырмашылығын байқадыңыздар ма? Тарифтің негізі болуы керек, - деді Марина Цыганкова.

Сорос Қазақстан қорының қолдауымен жасалған қоғамдық мониторинг өкілдерінің сөзінше, Ақбұлақ бағдарламасын іске асыру барысында «құрылыс нысандарының сапасын бақылауда, су қажеттілігі туралы алдын ала зерттеу жасауда, қаражаттың игерілуінден, су үнемдеу жүйесінің жасауда және су сапасын бақылауда» проблемалар бар екенін айтты.

2011-2020 жылдарға арналған «Ақбұлақ» бағдарламасының мақсаты - халықты ауыз сумен қамту. Оның алғашқы кезеңі 2015 жылы аяқталды. Бағдарламаны іске асыруға бюджеттен 335 миллиард теңгеден аса қаражат бөлінген.

XS
SM
MD
LG