Accessibility links

Британ премьері салық деректерін жариялады


Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон.
Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон.

Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон өзінің табысы мен төлеген салықтары туралы мәліметті жариялады. Онда 2014-2015 жылдары британ премьері 200 мың фунт стерлинг (282 мың доллар) табыс тауып, одан 76 мың фунт стерлингке жуық салық төлегені көрсетілген.

ВВС-дің хабарлауынша, премьер жария еткен есепте ол үкімет жетекшісі ретінде алған 140552 фунт стерлинг жалақыға қоса Кэмерондар отбасының Лондондағы үйін жалға беруден түскен 46899 фунт стерлинг табыс тапқаны айтылған. Бұдан бөлек оған былтыр консерваторлар партиясынан 9834 фунт стерлинг төленген және банктегі жинақ қаржысына 3052 фунт стерлинг үстеме кіріс қосылған.

Бұған дейін сенбі күні Лондонда өзін қолдайтын консерваторлық партиядағы серіктері алдында сөйлеген Кэмерон дербес салық есебін жариялайтынын және ел тарихында мұндай қадамға барған алғашқы премьер-министр болатынын мәлімдеген. Өз қаржысы туралы жасырғысы келмейтіндіктен осындай іс-әрекетке барып отырғанын айтқан Кэмерон «Панамагейт» жанжалындағы өзі жайлы ақпаратқа қатысты әу баста басқадай іс-әрекет етуім керек еді» деген.

3 сәуірде баспасөзде жарияланған панамалық Mossack Fonseca заң фирмасының әшкере болған құжаттарында салықтан жалтару үшін офшорлық аймаққа шығарылған капиталға қатысы бар тұлғалар ретінде есімдері аталған әлемдегі белгілі саясаткерлер арасында Дэвид Кэмерон мен қазірде марқұм болған әкесінің аты-жөні де бар. Премьердің баспасөз қызметі бұған қатысты «бұл оның жеке ісі» деп мәлімдеген. Кейін Кэмерон кезінде әкесі офшор аймағында ашқан компаниядағы үлеске әйелімен бірге иелік еткенін мойындап, премьер-министр қызметіне кірісер алдында оны сатқанын және тиісті салықты төлегенін айтқан.

«Панамагейт» құжаттарында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариғадан туған жиені Нұрәлі Әлиевтің аты-жөні аталды. Оның әкесі, 2015 жылы Вена түрмесінде өлі күйінде табылған Рахат Әлиев те көзі тірісінде панамалық Mossack Fonseca заң фирмасы қызметін пайдаланғаны туралы дерек енді мәлім болып отыр.

XS
SM
MD
LG