Accessibility links

Адвокат: Матаевтарға қысым жасалып жатыр


Матеав ісіне қатысты өткен баспасөз маслихатын өткізгендер: (солдан оңға қарай) адвокат Андрей Петров, Мадина Бакиева, Тамара Қалеева, Ермұрат Бәпи. Алматы, 18 сәуір 2016 жыл.

Матеав ісіне қатысты өткен баспасөз маслихатын өткізгендер: (солдан оңға қарай) адвокат Андрей Петров, Мадина Бакиева, Тамара Қалеева, Ермұрат Бәпи. Алматы, 18 сәуір 2016 жыл.

Қаржы жымқырды деген күдікпен үйқамақта отырған Қазақстан журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаевты тергеушілер оның денсаулық жағдайын ескерместен қысым жасауын тоқтатпай отыр. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз жиынында оның адвокаты Андрей Петров мәлімдеді.

Адвокаттың сөзінше, қазір Сейітқазы Матаев пен оның ұлы, ҚазТАГ агенттігінің жетекшісі, осы іс бойынша үйқамақта отырған Әсет Матаев өздеріне тағылған айып бойынша қылмыс жасағандарын жоққа шығарады.

"Оларға сырттан қандай да бір қысым жасап, айыпты мойындатуға тырысып жатыр деген ой туып отыр. Оларға "қылмыс жасағандарын" дәлелдейтін айғақтары барын айтады. Біздің бұл іске қатысты бөлісіп, айтқымыз келген жайттар өте көп. Бірақ мен және өзге адвокат Мадина Бакиева екеумізден тергеу құпиясын жарияламау туралы ескертіп, қолхат алған"дейді адвокат Петров.

Бұған дейін адвокаттар мен Сейітқазы Матаевтың туыстары коррупцияға қарсы бюро қызметкерлері Алматыда Матаевты қан қысымы күрт көтеріліп кеткеніне қарамай тергеуге әкетпек болғанын хабарлаған. Петров бүгін осы фактіге қала прокуратурасы мен бас прокуратураны назар аударуға шақырды. "Бұл ойнайтын нәрсе емес. Дәрігерлер Матаевтың қан қысымы бүйрегі ауыратындықтан көтеріліп кетеді деген қорытынды жасап, оны ауруханаға жатқызуды және жедел операция жасатуды ұсынды" дейді адвокат.

Жиынды ұйымдастырған екі адвокат пен "Әділ сөз" халықаралық баспасөз құқығын қорғау ұйымының жетекшісі Тамара Қалеева және журналист Ермұрат Бәпи тергеу барысы жайлы қысқа хабарлама таратқан. Онда соттың бұған дейін белгісіз пәтер иелері кооперативі төрағасының шағымы бойынша Ұлттық баспасөз клубының 3 және 4-қабатын "сейсмикалық тұрғыдан қауіпті" деп сүру туралы шешім шығарғаны айтылады.

Сейітқазы Матаев 24 ақпаннан бері үйқамақта отыр. Оның ұлы, ҚазТАГ агенттігінің жетекшісі Әсет Матаев та үйқамақта. Олар мемлекеттен ақпараттық саясатқа бөлінген қаржыны жымқыру ісі бойынша күдікті ретінде танылып, қамауда отыр. Матаевтар өздеріне тағылған айыпты жоққа шығарып, істі үкіметтік емес бірлестік пен ақпарат құралына қысым деп бағалайды. 12 сәуірде Алматының Медеу аудандық соты Сейітқазы Матаевтың үйқамақта отыру мерзімін 22 мамырға дейін ұзартқан.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

XS
SM
MD
LG