Accessibility links

Алматыда жер сатуға қарсылық білдірді


Қазақстандағы жер сатуға наразылық танытушылар. Алматы, 22 сәуір 2016 жыл

Қазақстандағы жер сатуға наразылық танытушылар. Алматы, 22 сәуір 2016 жыл

Алматыда бүгін "Сарыарқа" кинотеатры артындағы шағын саябақта бір топ белсенді жер сатуға қарсы акция өткізіп жатыр.

Азаттық тілшісінің оқиға орнынан хабарлауынша, арасында біраз жас бар 30 шақты адам саябақта үкіметтің шетелдіктерге жер сату туралы шешіміне қарсы екенін мәлімдеді. Олар үкіметке мамырдың 21-і күні жер сатуға қарсы митинг өткізуге рұқсат сұрайтынын, рұқсат етілмесе мамырдың 31-і - сталиндік қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні жалпыхалықтық ереуілге шығатындарын ескертті. Жиналғандар арасында белсенділер Жарылқап Қалыбай, Гүлбахрам Жүніс, Ғабиден Жәкей бар.

Жиналғандар қолдарына "Жер сатуға қарсымыз!", "Жерімізді жалға, тілімізді дауға бермейміз!" деген жазуы бар плакат ұстап шықты. Бұдан соң наразылар хормен Қазақстанның мемлекеттік әнұранын айтты.

Рұқсат етілмеген акцияны полиция сырттай бақылап тұр.

Саябақта наразылық танытушылармен қатар коммунистер де жиналған. Көпшілігі егде, қарт коммунистер жылда 22 сәуір - коммунистер көсемі Владимир Лениннің туған күнін еске алуға жиналады.

2016 жылғы наурыз айының соңында ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев шілденің 1-інен бастап Қазақстандағы ауыл шаруашылығы жерлерінің аукцион арқылы сатылатыны туралы мәлімдеме жасаған соң бұл жоспарға қатысты қоғамдық наразылық жиіледі.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

XS
SM
MD
LG