Accessibility links

Қырым соты да меджлис қызметіне тыйым салды


Қырым татарлары меджлисінің төрағасы Рефат Чубаров.

Қырым татарлары меджлисінің төрағасы Рефат Чубаров.

Ресей аннексиялаған Қырым жоғарғы соты Қырым татарларының өзін-өзі басқару органы - меджлисті экстремистік ұйым деп танып, қызметіне тыйым салды. 26 сәуірде шыққан шешім түбекті аннексиялауға қарсы шыққан татарлар қауымына жасалған кезекті шабуыл саналады.

Өткен аптада Ресей әділет министрлігі меджлисті экстремистік ұйымдар тізіміне қосқан. Соттың жаңа шешімі жергілікті билікке меджлис басатын газет редакциясын жауып, мүлкі мен басқа да заттарын тәркілеуге мүмкіндік береді. Қырымның 2,5 миллион халқының 15 пайызын құрайтын мыңдаған татар Қырым аннексияланған 2014 жылы кетіп қалған.

ТАСС агенттігінің Қырым прокуроры Наталья Поклонскаяға сілтеме жасап хабарлауынша, бұдан былай меджлистің кез-келген қызметі заңсыз саналады. Меджлис басшысы Рефат Чубаров Киевте журналистерге орган мен онымен байланысты институттар мен ұйымдар қызметі толықтай Киевке ауыстырылатынын хабарлады.

XS
SM
MD
LG