Accessibility links

Азаттық тілшісін Жаңаөзенге бара жатқанда екінші рет ұстады


Азаттық тілшісі Сәния Тойкен отырған көлікті Ақтау-Қарақия жолында тоқтатқан полиция қызметкерлері. 30 сәуір 2016 жыл.

Азаттық тілшісі Сәния Тойкен отырған көлікті Ақтау-Қарақия жолында тоқтатқан полиция қызметкерлері. 30 сәуір 2016 жыл.

Ақтаудан Жаңаөзенге таксимен бармақ болған Азаттықтың Маңғыстау облысындағы тілшісі Сәния Тойкенді бір тәуліктің ішінде полиция қызметкерлері екінші рет ұстады. Журналист Жаңаөзен қаласына 1-мамыр күні болуы мүмкін қоғамдық шаралар туралы хабар дайындау үшін бармақ болған. Бұған дейін белсенділер тобы Жаңаөзенде үкіметтің «жер сату» жоспарына қарсылық акциясы өтуі ықтимал деп хабарлаған еді.

Сәния Тойкен мінген көлікті Ақтаудан 40 шақырымдай жерде Қарақия кенті тұсында тоқтатқан полиция өкілдері бүгін таңертең «тергеушінің шақыртуына келмеген» журналисті Ақтау қаласына полиция мекемесіне алып баруға пәрмен берілгенін айтқан.

29 сәуір күні кешке өзі тұратын Ақтаудан 150 шақырым жердегі Жаңаөзен қаласына жолға шыққан Сәния Тойкенді Жаңаөзенге жеткізбей тоқтатқан полиция журналист мінген көліктің «Ақтау қаласындағы жол-көлік оқиғасына қатысы болуы мүмкін» деген күдікке ілінгенін хабарлап, «оны жолаушысымен бірге қалаға қайтару» туралы бұйрық барын айтқан. 30 сәуірде таңғы сағат беске дейін полицияда болып, түсіндірме жазып берген Сәния Тойкен сенбі күні түстен кейін тағы да Жаңаөзенге жолға шыққан. Бірақ кәсіби міндетін атқаруға бара жатқан журналисті полиция тағы тоқтатқан.

Азаттыққа бұл оқиғаға байланысты Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінен де, ішкі істер министрлігінен де комментарий алу мүмкін болмады.

Азаттық тілшісі Сәния Тойкен 24 сәуірде Атырауда жер мәселесіне қатысты жаппай наразылық акциясынан тікелей желі арқылы хабар әзірледі. Сонымен бірге тілшіміз 28 сәуірде Ақтау қаласында «жер туралы» билікке талап-тілектерін жеткізуге талпынған адамдар жайлы тікелей эфирде репортаж жүргізді.

XS
SM
MD
LG