Accessibility links

Қызылордада «жер сатуға» наразыларды полиция күшпен таратты


«Жер сатуға» наразылар мен полиция жасағы. Қызылорда, 1 мамыр 2016 жыл.
«Жер сатуға» наразылар мен полиция жасағы. Қызылорда, 1 мамыр 2016 жыл.

Қазақстанда халық бірлігі күні Қызылорда қаласында орталық алаңда өткен мерекелік шараның соңы полиция жасағының бір топ наразы азаматтарды күшпен таратуына ұласты.

Куәгерлердің әлеуметтік желілерде хабарлауынша, полиция қарсылық танытқан бірнеше адамды ұстап әкеткен. Бұдан соң жергілікті билік өкілдерінің ұсынысы бойынша, наразылардың бір тобы Қызылорда облыстық Нартай Бекежанов атындағы драма театры ғимаратының ішіне кіріп, билік өкілдеріне талаптарын айтты.

Наразылар облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов, облыстық мәслихат хатшысы Наурыз Байқадамов, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының жетекшісі Ибадулла Құттықожаға үкіметтің «жер сату» және жерді шетелдіктерге ұзақ мерзімге жалға бер жоспарына қарсылықтарын жеткізді. «Жер халықтың меншігі болғандықтан оның тағдырын елмен кеңесіп шешу керектігін» айтқан белсенділер билік өкілдерін «халықпен ашық әңгімелесуден қашпауға» шақырды.

Облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов наразыларға «жер шетелдіктерге меншікке берілмейтіндігін» айтып, егер жалға алушы жерді дұрыс баптап-күтпесе, мемлекет оны қайтарып алады деп түсіндірді. Театрда бір сағатқа жуық жалғасқан әңгімеден соң наразылар тарап кетті.

Қызылорда қаласы полиция басқармасы бүгін алаңда ұсталғандарға қатысты Азаттық сұрағына комментарий беруден бас тартты.

Бүгін тұрғындардың «жер сатуға» қарсылық акциясы Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында да өткен.

XS
SM
MD
LG