Accessibility links

Атырауда белсенділер үстінен іс қозғалғаны хабарланды


Белсенді Талғат Аянның ата-анасының пәтерін тінтіп жатыр. Атырау, 20 мамыр 2016 жыл.

Белсенді Талғат Аянның ата-анасының пәтерін тінтіп жатыр. Атырау, 20 мамыр 2016 жыл.

Атырауда 24 сәуірде жер мәселесіне қатысты қарсылық митингісіне қатысқан сегіз белсендіге қатысты қылмыстық іс бойынша сот тергеуі басталғаны хабарланды. Азаттықтың аймақтағы тілшісі Сәния Тойкеннің хабарлауынша, іс қозғалғаны туралы ақпарат бүгін атыраулық белсенді Ерлан Башақовтың үйі мен әйелі Айгүл Бекмембетованың кеңсесіне жасалған тінту кезінде белгілі болған. Бекмембетова өздерін тінтуге келген адамдардың "прокуратураның тінтуге рұқсат еткен қаулысын" Азаттық тілшісіне жіберді. Онда белсенділер Макс Боқаев, Талғат Аян, Жасұлан Мұсабеков, Ерлан Башақов, Әлібек Мұсаұлы, Сағынғали Қапизов, Гатауғали Бохан және Құбайдолла Шолақтың үстінен қылмыстық кодекстің 179-бабының 1-тармағы, 24-бабының 1-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу ісі басталғаны айтылған. "Билікті басып алуды немесе ұстап тұруды насихаттау немесе оған жария түрде шақыру, сол сияқты билікті басып алу немесе ұстап тұру не Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгерту" және "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру" фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу 19 мамырда қозғалған.

Қаулыда Атырау облыстық ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің тергеушісі Е.Сабырғалиевтің Башақовтың үйін тінту туралы өтінішін қанағаттандыратыны айтылған.

Бүгін түске дейін Талғат Аянның ата-анасының пәтері мен өзінің үйіне, Макс Боқаевтың пәтеріне де тінту жүргізілген. Талғат Аянның үйінен ұялы телефон, флешка, банк карточкасы, ата-анасының пәтерінен ноутбук, ұялы телефондарын алып кеткені хабарланған.

Сонымен қатар бүгін Сағынғали Қапизовтың Атырау облысы Исатай ауданының Нарын ауылындағы үйі де тінтіп, өзін алып кеткен. Қапизовтың ұлытінтуге куә болған Маралбек Қапизовтың Азаттыққа хабарлауынша, күндізгі сағат 11 шамасында учаскелік полицей, сержант шеніндегі киім киген ер адам мен азаматтық киімдегі тағы үш адам келіп, үйді тінткен. Тінту жасағандар үйдегі бар адамның ұялы телефонын, видеокамера мен ноутбукты алып кеткен.

Атырау облыстық ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің кезекші қызметкері Азаттыққа қылмыстық іс туралы ақпарат бере алмайтынын айтты. Ал Атырау облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі бұл ақпаратқа қатысты кейінірек хабарласуды сұрады.

Макс Боқаев пен Талғат Аян Атырауда 24 сәуірде өткен "жерді сату мен шетелдіктерге жалға беруге" наразылық митингісін ұйымдастырғандардың бірі болған. Митингіде сөйлеген Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Макс Боқаевтың "митингіні ұйымдастырғандар қуғындалмасын" деген талабы орындалатынына уәде берген. Кейін Макс Боқаев жер мәселесіне қатысты жаңадан құрылған республикалық комиссия құрамына кіргенімен, бірқатар талап қойып, комиссия жұмысына қатысудан бас тартқан.

XS
SM
MD
LG