Accessibility links

Надежда Савченко Киевке жетті


Надежда Савченко, украиналық әскери ұшқыш, халық депутаты. Киев, 25 мамыр 2016 жыл

Надежда Савченко, украиналық әскери ұшқыш, халық депутаты. Киев, 25 мамыр 2016 жыл

Ресейде сотталған украиналық әскери ұшқыш Надежда Савченко 25 мамыр күні Украина президентінің ұшағымен Киевке жетті. "Борисполь" әуежайына түсе сала қарасы қалың журналистің сұрақтарының астында қалған Савченко Донбасс аймағынан тірі қайтпаған украиналық сарбаздардың туыстарынан кешірім өтінді. Өзінің тірі оралғанына қысылатынын айтты.

2014 жылы Шығыс Украинада ұсталған Савченконы 2016 жылғы қыркүйекте Ресейдің Ростов облысындағы сот "екі ресейлік журналисті өлтірді" деген айыппен 22 жылға соттаған. Ұшқыш өзінің кінәсіз екенін айтып келген. Украина үкіметі, Батыс елдері мен халықаралық ұйымдар Ресейден Савченконы босатуды талап еткен. Соңғы айларда Ресей мен Украина президенттері тұтқын айырбастау мүмкіндігін талқылаған. 25 мамыр күні Ресей президенті Владимир Путин Надежда Савченкоға рақымшылық жасау туралы жарлық шығарды. Дәл сол күні Украина президенті Петр Порошенко "терроризм" айыбымен сотталған екі ресейлікке - Евгений Ерофеев пен Александр Александровқа рақымшылық жариялады. Олар да сәрсенбі күні Мәскеуге жетті.

Украинада сырттай Жоғарғы Радаға халық депутаты болып сайланған Савченконы көптеген отандастары қаһарман деп таниды. Савченконың ісі 2014 жылғы көктемде Ресей Қырымды аннексиялап алған соң күрт нашарлаған Мәскеу мен Киевтің арасын одан сайын суыта түскен факторлардың бірі болып келген.

XS
SM
MD
LG