Accessibility links

Techno Trading LTD жұмысшылары жұмысты тоқтатқаны хабарланды


Techno Trading LTD компаниясының жұмысшылары. Жетібай, Маңғыстау облысы, 3 маусым 2016 жыл.

Techno Trading LTD компаниясының жұмысшылары. Жетібай, Маңғыстау облысы, 3 маусым 2016 жыл.

Маңғыстау облысындағы Жетібай кентінде TechnoTrading LTD компаниясының ондаған жұмысшысы тоқсан сайын берілетін сыйақыны төлеуді, жалақыларын көтеруді, жұмысшыларды қудалауды тоқтатуды талап етіп, жұмысты тоқтатты.

Компанияд электрик болып істейтін Ерлан Кенжебектің Азаттыққа хабарлауынша, жұмысшылар 1 маусымнан бастап жұмысқа шықпаған. Жұмысшылар Жетібай және Қызылтөбе ауылдарында төрт цехтың жұмысы тоқтап тұрғанын, әр цехта 50-ге дейін жұмысшы барын айтады.

Жұмысшылар жалақысын 35 пайызға көбейтуді, тоқсандық сыйақыларын беруді, жұмысшыларды қудалауды тоқтатуды талап етеді. Олар сонымен қатар компанияда радиация, цех ішіндегі қауіпті жерлердің жөнделмеуі сияқты қауіпті факторлар ескерілмейді дейді.

Компания жұмысшысы Жадыра Отарәлиеваның айтуынша, компания кеше ғана жұмысшыларға тоқсандық сыйақы төлеуді тоқтату туралы басшылық бұйрығын көрсеткенін айтады. Компания директоры Әділ Ниязовтың қолы қойылған, 2015 жылдың 14 шілдесінде шықты делінген бұйрықта "компания шығыны, оның ішінде жалақыға төленетін шығынның жан басына шаққандағы табыстан асып кеткендіктен" және "жоспарлы көрсеткіштердің" орындалмауына байланысты тоқсандық сыйақы төлеуді тоқтату туралы айтылған.

Азаттық жұмысшылардың жұмысқа шықпай қалуына қатысты білмек болып Techno Trading LTD компаниясына хабарласқан. Компанияның кеңсе менеджері Ақтоты Қарабалаева басшылардың Жетібайға кеткенін, ақпаратты тек басшылық беретінін айтып, комментарий беруден бас тартты.

Techno Trading компаниясындағы жұмысшылар наразылығы былтырдан бері жалғасып келеді. Бірнеше мәрте митинг өткізген жұмысшылар жұмыс орындарын қысқартпауды, әлеуметтік төлемдер мен тоқсандық сыйақыларын тұрақты төлеуді, жалақыны көбейтуді, наразылық шарасынан кейінгі қысымды тоқтатуды талап еткен. Наразылық акциясынан соң алты жұмысшы – Эрик Мифтахов, Марат Кеммекиев, Ерсайын Түйешиев, Айболат Өтесінов, Жолдас Көкімбай, Мырзабек Изенов «себепсіз жұмыста болмады» деген айыппен жұмыстан босатылған еді. Олардың жұмыс берушіні сотқа берген шағымын қараған Мұнайлы аудандық соты компания басшылығының бұйрығын қуаттап шешім шығарған.

XS
SM
MD
LG