Accessibility links

ҰҚК: Жер туралы митингілерге бірнеше шенеуніктің қатысы бар


Ұлттық қауіпсіздік комитеті баспасөз қызметінің өкілі Руслан Карасев (сол жақта) пен бас прокуратураның департамент бастығы Құсайын Игембаев. Астана, 6 маусым 2016 жыл.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті баспасөз қызметінің өкілі Руслан Карасев (сол жақта) пен бас прокуратураның департамент бастығы Құсайын Игембаев. Астана, 6 маусым 2016 жыл.

Қазақстанда жер реформасына қатысты митингілерді шымкенттік бизнесмен, қамауда отырған Тоқтар Төлешов "айдап салып, қаржыландырған". Бұл туралы бүгін Астанада бас прокуратурада өткен брифингте Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) баспасөз қызметінің өкілі Руслан Карасев мәлімдеді.

Оның сөзінше, тергеушілерде Төлешовтің бұған дейін билікті күшпен басып алудың дайындығын жасағаны, ал өткен жылдан бастап нақты шараларын жүргізгені туралы мәлімет бар. "Ол елдегі жағдайды шиеленіс ошақтарын құру, наразылық акциялары мен жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру арқылы шайқалтуды жоспарлаған" дейді Карасев.

ҰҚК өкілінің айтуынша, Төлешовтің "бұл жоспары әлдеқайда ерте іске асырылатын болған". Бірақ тұтқындалуына байланысты ол кейінге шегерілген. Алматы, Астана, Атырау, Ақтөбе, Қызылорда қалаларында болған жер реформасына қарсы акцияларға Төлешовтің қатысы бар деген Карасев бұл іс бойынша бұрынғы бірнеше жоғары лауазымды шенеуніктің ұсталғанын айтты. Ұсталған арасында бас прокурордың бұрынғы орынбасары Ілияс Бақтыбаев, Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті басшысының бұрынғы орынбасары Сәкен Айтбеков және тағы басқалары бар. Қазір оларды бұлтартпау шарасы қарастырылып жатыр.

"Шымкент сыра" компаниясының иесі Тоқтар Төлешов Шымкентте қаңтардың соңында арнайы операция барысында ұсталған. Астананың Алматы аудандық 2-соты 1 ақпанда Төлешовті қамауға алу туралы санкция шығарған. Төлешов қылмыстық кодекстің 266-бабы ("қылмыстық топтың әрекетін қаржыландыру, сол сияқты мүлікті сақтау, бөлу, қаржыландыру арналарын әзірлеу") және 297-бабы ("Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу") бойынша күдікті деп танылған.

ВИДЕО: ҰҚК өкілінің мәлімдемесі

XS
SM
MD
LG