Accessibility links

Ақтөбеде арнайы операция жүріп жатыр


Арнайы операция өтіп жатқан аудан. Ақтөбе, 10 маусым 2016 жыл.

Арнайы операция өтіп жатқан аудан. Ақтөбе, 10 маусым 2016 жыл.

Ақтөбеде бүгін Некрасов пен Жанқожа батыр көшелерінің қиылысында орналасқан көп қабатты үйде 5 маусымдағы шабуылдарды жасады деген күдіктілерді ұстау операциясы жүріп жатыр.

Азаттық тілшісінің оқиға орнына жақын маңнан хабарлауынша, күдіктілер екі көше қиылысында орналасқан "Отрар" сауда үйінің үстіндегі пәтерлердің біріне бекінген. Бір сағаттай уақыт бұрын операция жүріп жатқан аймақтан жарылыс үні естілді.

Полиция "Отрар" сауда үйін біршама қашықтан қоршауға алған. Оқиға аумағында ауыр әскери техника, беренді көліктер, жол талғамайтын әскери көліктер, полиция қызметкерлері мен өрт сөндіру көліктері тұр. Жергілікті газет журналисінің Азаттыққа айтуынша, 10 маусымға қараған түні сағат 2 шамасында мұнда әуелі атыс болған. Оқиға орнына барған журналистерден қауіпсіздік қызметкерлері ұялы телефондарын алып, түсірген суреттері мен видеоларын өшірткен.

Ақтөбе облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Ардагер Уайдин журналистерге арнайы операция жүріп жатқан жерде жүруге болмайтынын айтқан соң Азаттық тілшісі мен өзге бірнеше журналисті полиция оқиға орнынан алып кеткен.

Бүгін таңертең Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ақтөбеде "терактілерге қатысы бар" күдіктілерді ұстау операциясы жүргізіліп жатқанын, "террористер берілу туралы ұсынысқа қарулы қарсылық көрсеткенін" хабарлаған.

Маусымның 5-інде Ақтөбеде белгісіз адамдар екі қару-жарақ дүкенін тонап, әскери бөлімге шабуылдаған. Ресми мәлімет бойынша, шабуыл мен атыстан барлығы 20 адам қаза тапқан. Олардың 13-і – «шабуыл жасады» деген күдіктілер, үшеуі - әскери қызметкер, төртеуі – бейбіт тұрғын.

Маусымның 5-індегі шабуылдан соң Ақтөбеде террорлық қауіп-қатердің ең жоғарғы – қызыл деңгейі, ал Қазақстан бойынша 40 күн мерзімге террорлық қауіп-қатердің сары деңгейі жарияланған.

  • 16x9 Image

    Санат ОРЫН ӘЛИ

    Санат 2014 жылы қарашада Азаттықтың Батыс Қазақстандағы тілшісі ретінде қызметке кірісті. 2005 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қызмет жолын "Уральская газета" басылымында бастаған. 2006-2014 жылдары Алматы мен Астанадағы түрлі БАҚ-тарда жарияланып тұрған.

XS
SM
MD
LG