Accessibility links

Ақтөбе облысының әкімі діни ұйымдарға бақылауды күшейтуді тапсырды


Ақтөбе облысы әкімі Бердібек Сапарбаев 5 маусымда шабуылға ұшыраған 6655-әскери бөлімнің қызметкерлерімен амандасып тұр. Ақтөбе, 9 маусым 2016 жыл.

Ақтөбе облысы әкімі Бердібек Сапарбаев 5 маусымда шабуылға ұшыраған 6655-әскери бөлімнің қызметкерлерімен амандасып тұр. Ақтөбе, 9 маусым 2016 жыл.

Ақтөбе облысының билігі ішкі көші-қон мәселесі мен шетелдік діни ұйымдар қызметіне бақылау күшейтілетінін айтады. Бүгін жергілікті ақпарат құралдары таратқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың мәлімдемесінде бақылаусыз көші-қон мен жерді рұқсатсыз басып алу «қылмыс үшін қолайлы ортаға» айналып отырғаны айтылған.

Аймақ басшысы облыс орталығы мен Алға және Хромтау қалаларындағы барлық саяжайлардың есебін алып, жеке тұрғын үй салуға жер бөлу мәселесін шешуді тапсырған. «Бізде жұмыс істеп жатқан шетелдік діни мекемелердің қызметі қатаң бақылауға алынуы тиіс. Халық көп шоғырланатын орындар, стратегиялық нысандардың тізбегі жасалып, жауапты тұлғалар бекітілуі қажет», - деп мәлімдеген Сапарбаев.

Бұған қоса әкім теракт және төтенше жағдай болған кезде жасалатын іс-әрекеттердің халыққа түсінікті алгоритмін әзірлеу үшін ұсыныстар әзірлеп, шетелден қоныс аударушылардың есебін анықтауды, олардың міндетті түрде тіркеуге тұру мүмкіндігін қарастыруды тапсырды делінген облыс әкімдігінің ақпараттық орталығы таратқан хабарламада.

Ақтөбеде бүгін 5 маусымда жасалған қарулы шабуылдардан кейін басталған терроризмге қарсы операцияның аяқталғаны туралы хабарланды. Шабуылдар салдарынан төрт бейбіт тұрғын мен үш әскери қызметкер қаза тапқан. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілі қылмысқа күдікті 9 адам ұсталып, 18-інің көзі жойылғанын хабарлаған.

XS
SM
MD
LG