Accessibility links

Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімов Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен барды. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, Мәсімов мінген ұшақ Ақтөбе әуежайына жергілікті уақыт бойынша 11 шамасында қонды.

Премьер-министр делегациясы құрамында энергетика министрі Қанат Бозымбаев, денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова, ұлттық экономика министрі Қуандық Бешімбаев бар.

Сапар барысында Мәсімов түске дейін Ақтөбеде "Батыс-2" ықшамауданында салынып жатқан көпқабатты тұрғын үй мен бала бақша құрылысымен таныспақ. Бұдан соң ол жедел жәрдем ауруханасына барып, онда емделіп жатқан жаралы науқастарға кіріп шығады. Бұдан соң премьер "Нұр Отан" партиясы филиалы кеңсесінде көпшілікпен облыстың әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері бойынша кездесу өткізеді.

Мәсімов түстен кейін 5 маусымда қарулы топ шабуыл жасаған Ақтөбедегі Ұлттық гвардияның 6655 әскери бөліміне бармақ. Бұдан соң ол жергілікті бірнеше кәсіпорынға барып, кешке қарай Астанаға ұшып кетеді.

Кәрім Мәсімов Ақтөбеде 5 маусымда бір топ қарулы адам екі қару-жарақ дүкені мен әскери бөөлімге шабуылдап, салдарынан ресми мәлімет бойынша сегіз адам қаза тапқан оқиғадан соң аймаққа барған жоғары шенді алғашқы шенеунік. Шабуылдан кейінгі терроризмге қарсы арнайы операциялар барысында 9 күдікті ұсталып, 18-інің көзі жойылған.

XS
SM
MD
LG