Accessibility links

Сенат жер кодексінің даулы баптарына мораторийді мақұлдады


Парламент сенаты, Астана (Көрнекі сурет).

Парламент сенаты, Астана (Көрнекі сурет).

Парламент сенаты жер кодексінің қоғамдық қарсылық тудырған кейбір баптарының күшіне енуін уақытша тоқтату туралы заң жобасын мақұлдады. Құжатты 15 маусымда мәжіліс бірден екі оқылымда мақұлдаған.

Бұған дейін заң жобасын мәжілісте таныстырған ауылшаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов заң жобасында президент Нұрсұлтан Назарбаев 2016 жылы 2 қарашада қабылданған "Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңының қолдануға мораторий енгізген кейбір нормалары бар екенін айтты. Ол нормаларда шетелдіктерге немесе азаматтығы жоқтарға, шетелдік заңды тұлғаларға және жарғылық капиталында шетелдіктердің үлесі 50 пайыздан көп заңды тұлғаларға ауылшаруашылығы мақсатындағы жерді жалға пайдалануға беру қарастырылған. Сонымен қатар мораторий енгізілген ережелерде мемлекет меншігіндегі ауылшаруашылығы мақсатындағы жерді жекеменшікке беру де бар.

Тәртіп бойынша, заң жобасы сенаттың мақұлдауынан кейін президенттің қол қоюына жіберіледі.

24 сәуірде Атырау қаласында «жер мәселесіне» қатысты өткен алғашқы ірі шеруден кейін Қазақстанның өзге де бірнеше қаласында көпшіліктің қатысуымен наразылық акциялары өтті. Осы шерулерден соң Қазақстан президенті жер кодексіндегі шетелдіктерге ауыл шаруашылығы жерін жалға беру мерзімін 10 жылдан 25 жылға дейін ұзарту туралы даулы баптарға жыл соңына дейін мораторий жариялап, үкімет жанынан жер реформасын қоғаммен талқылайтын комиссия құрылған.

XS
SM
MD
LG