Accessibility links

Семейдің наразы тұрғыны бас прокуратураға қайта шағымданды


Семей тұрғыны Кенжеғайша Рақымбаева бас прокуратура қабылдауынан кейін. Астана, 1 шілде 2016 жыл.

Семей тұрғыны Кенжеғайша Рақымбаева бас прокуратура қабылдауынан кейін. Астана, 1 шілде 2016 жыл.

Астанада бүгін бас прокуратура алдында наразылық акциясын өткізбек болған Семей қаласының тұрғыны Кенжеғайша Рақымбаеваны прокуратура қабылдады деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Рақымбаева соттың ұлына қатысты шығарған үкіміне наразылық танытып, прокуратура қоршауына өзін кісенмен таңып бас прокурордың өзін қабылдауын талап етпек болған. Рақымбаеваның Азаттыққа айтуынша, сағат 11 шамасында прокуратура алдына барғанында өзін прокуратура өкілдері мен полицейлер күтіп тұрған. Оны прокуратураның коррупциялық істер жөніндегі екінші департаменті басшысы Руслан Гатифуллин қабылдаған.

- Гатифуллин қабылдап, талап-тілегімді тыңдап, ол бойынша екі апта ішінде жауабын білдіретінін айтты. Сұраған жайтыңызды тексереміз деді. Бұдан соң мен бас прокурордың атына Семей қалалық прокуроры Мейірхановтың шешімін заңсыз деп тауып, істі бас прокуратураның өзі қайта тексеруін сұрап шағым жазып қалдырдым, - деді Рақымбаева.

Кенжеғайша Рақымбаева бұған дейін де прокуратура алдында наразылық өткізіп, ұлына қатысты істің қайта тексерілуіне қол жеткізген.

Оның сөзінше, іс ол өткен жылы бас прокуратура алдында өткен акциядан соң қозғалған. Рақымбаева ол кезде өзін кісенмен прокуратура қоршауына таңып тастамақ болған. Бірақ оны полиция ұстаған. Кейін прокуратура оның ұлының ісін Шығыс Қазақстан облыстық прокуратурасына қалалық прокуратурасының қарауына жіберген. Рақымбаеваның айтуынша, бұдан соң іс қайта жабылған.

Кенжеғайша Рақымбаеваның ұлы Семейде 11 жылдық түрме жазасын өтеп жатыр. Рақымбаеваның пікірінше, 2011 жылы сәуірде ұлын қолдан жасалған іс бойынша соттаған.

XS
SM
MD
LG