Accessibility links

"Казком" ісі бойынша сотталған Тайыр Қалдыбаев түрмеде қаза болған


Түрме терезесіндегі тор. (Көрнекі сурет.)
Түрме терезесіндегі тор. (Көрнекі сурет.)

Алматы қалалық және Алматы облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаменті (ҚАЖД) Азаттыққа 49 жастағы Тайыр Қалдыбаевтың қамау мекемесінде қаза болғаны туралы ақпаратты растады. Алматылық бұрынғы кәсіпкер Қалдыбаевты биыл 23 мамырда сот «Республика» және Nakanune.kz оппозициялық басылымдарында «Казкоммерцбанкті» қаралайтын көпе-көрнеу жалған ақпарат таратуға кінәлі деп танып, төрт жарым жылға бас бостандығынан айыруға үкім еткен. Бұған дейін Қалдыбаевтың қазасы туралы Facebook парақшасында журналист Ирина Петрушова жазған еді.

ҚАЖД өкілінің Азаттыққа хабарлауынша, Қалдыбаевты басқа камераға «көшіру» жедел шарасы кезінде сейсенбі күні 17 сағат 40 минут шамасында камерада асылып тұрған жерінен тауып алған. Сот үкімі күшіне енетін мерзім жақындаған Қалдыбаев тек сотталғандар отыратын камерада отыруы тиіс болғандықтан оны «көшірмек» болған деп түсіндіреді ҚАЖД. Тайыр Қалдыбаев аз ғана уақыт камерада жалғыз қалған дейді қылмыстық атқару жүйесі мекемесінің өкілі. Бұған дейін Қалдыбаев өзін байсалды ұстаған, суицид жасауға ниет танытпаған. Тұтқын өз-өзіне қол салған деген болжам айтып отыр билік.

Бұл ақпаратты Алматы қаласы бойынша қоғамдық бақылау комиссиясының төрағасы Ардақ Жанәбілова да растайды. Оның айтуынша, тұтқын қазасына байланысты қылмыстық іс қозғалған, түрмеге Тайыр Қалдыбаевтың туыстары мен адвокаты барған.

Сот кезінде Тайыр Қалдыбаев пен оның адвокаттары баспасөз өкілдерімен кездесуге ниет білдірмеген еді. Ол сотта «Казкоммерцбанк» талап арызында шеккен зиян ретінде көрсеткен 144 миллион 235 мың теңгені өтегенін мәлімдеген. Бірақ сот ол енгізген ақшаны талап арыздың өтемі ретінде есептемей, Қалдыбаевты төрт жарым жылға түрмеге қамауға үкім еткен.

Бұған дейін Алматы қалалық сотында Тайыр Қалдыбаев пен осы іс бойынша бір жарым жылға сотталған Гузяль Байдалинованың арызын қарайтын апелляциялық алқа отырысы шілденің 5-і қаралады деп хабарланған еді. Бірақ арызды қарау аяқ астынан шілденің 12-іне ауыстырылған.

«Казкоммерцбанк» өткен айда гуманизм мен қайырымдылық принциптерін басшылыққа ала отырып, апелляциялық соттан Гузяль Байдалинованың үкімін өзгертіп, оған бас бостандығынан айырудан басқа жаза түрін тағайындауды сұрап өтініш бергені туралы ақпарат таратқан еді.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG