Accessibility links

Шымкентте алғашқы автоматты велобекет ашылды


Шымкентте ашылған Shymkent Bike велостанциясы. 9 шілде 2016 жыл.

Шымкентте ашылған Shymkent Bike велостанциясы. 9 шілде 2016 жыл.

Бүгін Шымкенттегі Әл-Фараби даңғылында «Shymkent Bike» велосипедті жалға берудің автоматты станциясы ашылды.

Шараға 100-ге жуық адам қатысты. Олар велосипедті жалға беру тәртібі және құнымен танысты. Жарты сағат велосипед тепкен жолаушы тегін жүретіні, ал бір сағаттың құны – 100 теңге, екі сағаттың құны – 250 теңге, үш сағат тепсе – 500 теңге екені айтылды.

Жиында Шымкент қаласы әкімі 200 велосипедке арналған тағы 40 тұрақ салынып жатқанын хабарлады. «Проблемалар да жоқ емес. Веложол салу, қауіпсіздік шаралары, велосипед айдау мәдениетін дамыту керек» деді ол.

Ал қала тұрғыны Өмір Шыныбекұлының айтуынша, қалада велосипедті көлік ретінде пайдалануға көшуде қиыншылықтар өте көп. «Біз әлі велосипед тебу ережесін білмейміз» дейді ол.

- Бірте-бірте үйренуге болады. Себебі, велосипедпен жүрудің пайдасы көп. Миллионға жуық халқы бар қала болған соң көлік кептелісі бар - ол азаяды, экология жақсарады. Денсаулыққа пайдасы көп, - дейді қала тұрғыны.

Бұған дейін Азаттыққа Шымкент тұрғындары қалада веложолдар жоқ екенін айтып шағымданған. Азамат есімді тұрғын велосипедшілердің көлік жолымен жүруге мәжбүр екенін айтып, "қалада көлік жолы мен жолаушылар тротуары ғана бар. Тротуарларда абайсызда адам қағып кетсек тағы қиын. Кей фитнес клубтардың алды мен саябақтарда ғана велотұрақтар бар" деген болатын.

Қалада ұзындығы 150 метрдей тротуармен біріктірілген бір ғана веложол бар. Ал қала әкімдігі веложолақшалар салу үшін бюджеттен 193 378,29 мың қаржы қаралып отырғанын айтады.

XS
SM
MD
LG