Accessibility links

Риоға баратын ауыр атлеттер тізімі жарияланды


Жазира Жаппарқұл.

Жазира Жаппарқұл.

Ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасының бапкерлер кеңесі Рио олимпиадасына баратын атлеттердің есімін жариялады.

Әйелдер құрамасына олимпиадаға Азия ойындарының чемпионы Маргарита Елисеева (48 кг), бірнеше халықаралық жарыстардың жеңімпазы Карина Горичева (63 кг) және екі дүркін әлем чемпионатының күміс жүлдегері Жазира Жаппарқұл (69 кг) қатысады.

Ал ерлер арасында Қытайдан келген легионерлер Арли Чонтей (56 кг) мен Фархад Харки (62 кг), 2012 жылға дейін жарыстарға Әзербайжан атынан қатысқан, кейін Қазақстан азаматтығын алған Нижат Рахимов (77 кг), Денис Уланов (84 кг), Хьюстондағы әлем чемпионатында алтын алған Александр Зайчиков (105 кг) барады.

Осыған дейін Халықаралық ауыр атлетика федерациясы (IWF) қазақстандық ауыр атлет Илья Ильиннің Пекин мен Лондон олимпиадалары кезінде алынған сынамаларынан допинг табылғанын мәлімдеген. Лондонда алтын алған қазақ спортшылары Зүлфия Чиншанло, Мая Манеза мен Светлана Подобедованың да сынамалары оң нәтиже берген. Төртеуі де Рио олимпиадасына қатыспайды.

Қазақстан ауыр атлетика құрамасы Рио олимпиадасына он жолдама алған. Бірақ допинг дауынан кейін Халықаралық ауыр атлетика федерациясы (IWF) екі жолдаманы алып, басқа елдерге берген.

Бұған қоса, IWF Қазақстан құрамасын бір жыл жарыстардан шеттеу туралы шешім шығарған. Бірақ бұл шектеу қай уақыттан басталатыны әлі белгісіз.

XS
SM
MD
LG