Accessibility links

Белсенді Жанат Есентаев бостандыққа шықты


Азаматтық белсенді Жанат Есентаев сотта отыр. Орал, 15 шілде 2016 жыл.

Азаматтық белсенді Жанат Есентаев сотта отыр. Орал, 15 шілде 2016 жыл.

Оралдық белсенді, "Facebook жазбасы арқылы ұлтаралық араздықты қоздырды" деп айыпталған Жанат Есентаев 2 жыл 6 айға бас еркіндігін шектеу жазасына кесілді.

Қамауда екі ай отырған белсенді айыбын мойындап, сот залынан босап шықты. Орал қалалық соты судьясы Руслан Жұмағұлов оқыған үкім бойынша, Жанат Есентаев бұл мерзім ішінде қарсылық акцияларына, митинг пен флешмобқа, шеру мен пикетке, халықаралық ұйымдардың семинарлары мен тренингтеріне қатыса алмайды, концерт қоя алмайды, қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экологиялық тақарыпта пост жаза алмайды. Жанат Есентаев пен оның қорғаушылары (Абзал Құспан, Лариса Симоненко мен Айжан Есентаева) бұл шарттармен толық келісті.

Қазақстан билігін сынайтын әндерімен танымал Жанат Есентаев Қазақстандағы жер мәселесіне қатысты митингілер тұсында «әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни алауыздық тудыру» деген айыппен 17 мамырда екі айға қамалған. Оған "Facebook парақшасында азаматтардың ұлттық қадір-қасиетін қорлап, араздық тудыратын жазбалар жариялаған" деген де айып тағылған.

30 маусымда Есентаев тергеумен процессуальды келісім жасап, тағылған айыптарды мойындаған. Ал 9 шілдеде интернетте жарияланған хатында белсенді "ағайын орыс халқынан" кешірім сұрап, өзінің әлеуметтік желілердегі жазбаларын "эмоция" деп атаған.

XS
SM
MD
LG