Accessibility links

Ниццадағы терактіде төрт қазақстандық қаза тапқан


Ниццадағы теракт болған орында жылап тұрған адамдар. Франция, 15 шілде 2016 жыл.

Ниццадағы теракт болған орында жылап тұрған адамдар. Франция, 15 шілде 2016 жыл.

Францияның Ницца қаласында қаза тапқандар арасында Қазақстанның төрт азаматы бар деп хабарлады Қазақстан сыртқы істер министрлігі.

"Қазақстан азаматтары Любовь Панченко (1956), Марина Панченко (1983), Сильвия Панченко (2013) және Наталья Отто (1959) Ниццадағы теракт құрбандары болғанын қайғыра хабарлаймыз. Туыстары мен жақындарына көңіл айтамыз. Қазақстан сыртқы істер министрлігі қаза тапқандардың туыстарына барлық қажетті көмегін көрсетеді" делінген министрліктің Twitter-дегі парақшасында.

Tengrinews.kz сайтының хабарлауынша, Марина Панченко қызы Сильвия Панченкомен бірге Ниццада тұрған. Ол мұнда Түркия азаматымен азаматтық некеде тұрған. Терактіден аз уақыт бұрын оларға Павлодардан ата-анасы қонаққа барған. Теракт болған күні Марина Панченко анасымен және қызымен бірге орталық алаңға фейерверк көруге барған. Әкесі үйде қалған.

Бұған дейін Ниццада Қазақстаннан шыққан, Бельгияда тұратын Наталья Оттоның қаза тапқаны хабарланған. Сыртқы істер министрлігі өкілінің сөзінше, Оттоның Қазақстан азаматтығынан шыққанын растайтын құжат жоқ.

Ниццада 14 шілде күні болған терактіден 84 адам қаза тапқан. Олардың кейбірінің кім екені әлі анықталған жоқ. Қаза тапқандар арасында шетелдік туристер көп. Ниццада жараланған 202 адамның 85-і ауруханада жатыр.

XS
SM
MD
LG