Accessibility links

Алматыдағы атыс кезінде ресми ақпарат көп күттірді


Оққа ұшқан полицей жерде жатыр. Алматы, 18 шілде 2016 жыл.
Оққа ұшқан полицей жерде жатыр. Алматы, 18 шілде 2016 жыл.

Ақпарат құралдары Алматыдағы кешегі шабуыл тұсында полициядан дер кезінде мәлімет ала алмағандарына наразы. Ал ішкі істер министрлігі «әр ақпаратты жіті тексеру керек» деген уәж айтады.

«Информбюро» сайтының журналисі Мария Гареева Алматыда 18 шілде күні таңертең қарулы адам үш полицей мен екі бейбіт тұрғынды атып өлтірген оқиғаның жай-жапсарын дәл сол сәтте ресми орындардан ала алмағанын айтып ренжиді.

Ресми ақпараттың кешіктірілуі
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:25 0:00
Жүктеп алу

– Түске дейін мүлдем түсініксіз болды. Түрлі сыбыстар не расталмады, не терістелмеді де. [Қалалық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы] Салтанат Әзірбек демалысында болды. Ал оның орынбасары телефонын өшіріп тастап, тек баспасөз релизі арқылы байланысып отырдық. Ал министрдің брифингі түнгі сағат 22:30-да болды. Дайын тұрған ақпаратты журналистерге жеткізу үшін министрдің келуі міндетті ме еді? – дейді ол.

Мария Гареева кеше сайтқа жариялаған ақпараттың барлығын оқиға орына барған әріптестерінен алып отырғанын айтады.

Атыс болған Абылайхан-Қазыбек би көшесінің қиылысы. Алматы, 18 шілде 2016 жыл.
Атыс болған Абылайхан-Қазыбек би көшесінің қиылысы. Алматы, 18 шілде 2016 жыл.

«ЖАУАП БЕРГЕН ЕШКІМ БОЛМАДЫ»

Мария Гарееваның пікірін «31 арнаның» ақпараттық хабар тарату бөлімінің директоры Гүлжан Мұқышева да қоштайды. Ол да әртүрлі қауесеттің қайсысы рас, қайсысы өтірік екенін анықтайтын ресми ақпараттар алу мүмкін болмағанын айтады.

– Әлеуметтік желі мен мессенджерлер арқылы түскен барлық ақпараттарды тілшілерімізді жіберіп, тексеріп отырдық. Бір жерде ол ақпарат расталса, көбінесе жалған ақпарат болып жатты. Ресми ақпарат алу мүмкін болмады. Біз ішкі істер министрлігіне де, қалалық ішкі істер депаратментіне де хабарластық, жауап берген ешкім болмады, – дейді ол.

Кешегі оқиғадан он шақты рет тікелей трансляция жасаған «31 арна» «оқиғаға куә болдық» деген адамдар мен өзге БАҚ журналистерінің мәліметтеріне сүйенген. Гүлжан Мұқышева "таңертеңгі оқиға жайлы ішкі істер министрлігі кешкі сағат 5-те, Алматы қалалық ішкі істер департаменті кешкі 8-де, ішкі істер министрі түнгі 11-де ғана брифинг өткізгенін" айтып ренжиді.

Күдіктінің қолға түскен сәті. Алматы, 18 шілде 2016 жыл.
Күдіктінің қолға түскен сәті. Алматы, 18 шілде 2016 жыл.

«Жас алаш» газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбай «кешегідегідей оқиға тұсында ресми ақпарат дер кезінде берілмесе, жұрт түрлі байланыс құралы арқылы түрлі әңгімелерді таратып жібереді, дүрбелең болады» деп біледі.

– Біздің күштік құрылымдар – қауқарсыз, сол қауқарсыздығынан соншама адам оққа ұшып, мерт болды. Сол дәрменсіздігін көрсетіп алмайын деп қорқады. Біздегілер әркім өзінің орнындағы жауаптылықты сезінбейді, тек жоғары жаққа жалтақтап отырады, – дейді Рысбек Сәрсенбай.

Оның сөзінше, «журналистердің ақпарат алуы жыл сайын қиындап бара жатыр».

«ӘР АҚПАРАТТЫ МҰҚИЯТ ТЕКСЕРУ КЕРЕК»

Ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің өкілі Олег Иващенко БАҚ өкілдерінің «ақпарат кеш берілді» деген пікірлерімен келіспейді.

– Ішкі істер министрлігі алғашқы ақпаратты оқиға болғаннан кейін екі сағаттан кейін берді. Ал кешке Алматыда департамент өкілдері[брифинг] беріп, түнге қарай министрдің өзі Алматыда журналистерді жинады, – дейді ол.

Олег Иващенконың айтуынша, «ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің негізі міндеті – азаматтарға оқиғалар туралы дер кезінде хабарлау, бірақ әр ақпаратты мұқият тексеру керек».

Полицейлер қаза тапқан әріптестерінің туысына көңіл айтып тұр. Алматы, 18 шілде 2016 жыл.
Полицейлер қаза тапқан әріптестерінің туысына көңіл айтып тұр. Алматы, 18 шілде 2016 жыл.

Алматыда шілденің 18-і күні таңертең 10:30 кезінде болған шабуыл жайлы алғашқы ақпарат әлеуметтік желі арқылы тараған. Екі сағаттай уақыт өте қалалық ішкі істер департаменті «Алмалы аудандық ішкі істер бөлімі алдында атыс болғанын» хабарлаған. Қалада 12:20-да Алматыда террорлық қауіптің қызыл деңгейін жариялап, кешке таман оны сары деңгейге ауыстырған.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев сол күні кешкеқауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысын өткізіп, Алматыда болған шабуылдарды «террорлық акт» деп атаған. Бұл отырыс кезінде шабуылға байланысты ұсталған күдіктінің 1990 жылы туған Руслан Күлекбаев есімді азамат екенін айтылған.

Алматының Алмалы аудандық ішкі істер басқармасы мен Алматы ҰҚК департаменті ғимараттарына шабуыл жасап, полиция қызметкерлерімен көшеде атысты делінген Руслан Күлекбаев үш полицей мен екі бейбіт тұрғынды мерт еткен. Кешегі атыстан жараланған полицейлердің бірі бүгін ауруханада көз жұмды.

XS
SM
MD
LG