Accessibility links

Жаңаөзенде "Бұрғылау" мекемесінің жұмысшылары жұмысты тоқтатты


«Бұрғылау» ЖШС жұмысшылары Жаңаөзен әкімінің орынбасары Исахан Сағынбаевқа (ортада) шағымдарын айтып тұр. Жаңаөзен, 28 шілде 2016 жыл.

«Бұрғылау» ЖШС жұмысшылары Жаңаөзен әкімінің орынбасары Исахан Сағынбаевқа (ортада) шағымдарын айтып тұр. Жаңаөзен, 28 шілде 2016 жыл.

Жаңаөзенде бүгін «Өзенмұнайгаз» компаниясының «Бұрғылау» мекемесінің жұмысшылары төртінші күн кәсіподақ жұмысына наразылық білдіріп, жұмысты тоқтатты.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, бірнеше жүз жұмысшы Жаңаөзеннің шетіндегі жұмысшыларды жұмыс орнына автобустармен алып кететін автобекетте таңертеңнен бері жиналып тұр. Жұмысшылар мекеме бастығы Асхат Сариевтің жұмысшыларды жиі қудалайтынын айтып, оның қызметтен кетуін талап етеді. Жұмысшылар сонымен қатар мекеме кәсіподағы жұмысшылар құқығын қорғай алмайтынын айтып, өздері сайлаған кәсіподақ жетекшісі Сәдуақас Бекқалиевтің жұмысқа кірісуіне мүмкіндік беруді талап етеді. Жұмысшылар төрт күн екі сағаттан жұмыстан қалып талаптарын білдіріп жиын өткізіп келе жатқанын айтады.

Жұмысшылар өздері конференция ашып, өздерінің құқығын қорғайтын кәсіподақ сайлағанымен, оны облыстық кәсіподақ пен мекеме басшылығы қолдамайды дейді.

- Біздің митингіміз төртінші күнге ұласты. Осы уақытқа дейін басшылықтан, жергілікті биліктен ешкім келмеді. Ақпарат құралдары келгенін естіп, тек бүгін ғана билік өкілдері мен облыстық кәсіподақ өкілдері келіп отыр, -дейді жұмысшы Берекет Бекболатов.

Митингіге Жаңаөзен әкімінің орынбасары Исахан Сағынбаев, облыстық Кәсіподақ кеңесі төрағасының орынбасары Мейіржан Тұманов, Қазақстан мұнай және газ өнеркәсібі кәсіподағы Маңғыстау облыстық филиалының өкілдері келді. Біраз уақыттан соң "Бұрғылау" мекемесінің бас директоры Асхат Сариев келді. Ол жұмысшылардың қудалау туралы мәлімдемелері жалған екенін айтты. Ол өзін жұмыстан кетіру талабы, жұмысшылардың жұмыстан қалып жиын өткізуі заңсыз екенін айтты. Сариев өзін жұмыстан кетіру мәселесін сот арқылы шешуді ұсынды.

Сариевтің сөзінше, сайланған кәсіподақ жетекшісі жұмысқа кіруі үшін барлық қажетті процедурадан өтіп, "Бұрғылау" мекемесінің барлық бөлімдерінің жиынын өткізу керек.

Жұмысшылар қала әкімдігін өздерінің мәселесін шешуге жәрдем бере алмай отыр деген. Жаңаөзен әкімінің орынбасары Сағынбаев жұмыс беруші мен жұмысшылары, кәсіподақ арасындағы дауға билік араласа алмайтынын айтты.

Жұмысшылар сонымен бірге өздері кәсіподақ жетекшіліген ұсынған Сәдуақас Бекқалиевтің полиция бөлімшесінде жауапқа шақырылғанын, қазір сонда екенін айтады.

"Бұрғылау" мекемесі жұмысшыларының наразылығын Азаттықтың Facebook-тегі парақшасынан тікелей эфирде көре аласыздар.

XS
SM
MD
LG