Accessibility links

Боқаев пен Аянның қамақ мерзімі тағы бір айға ұзарды


Азаматтық белсенді Талғат Аян ауыл шаруашылығы жерін сатуға және шетелдіктерге жалға беруге қарсы митингіде тұр. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.

Азаматтық белсенді Талғат Аян ауыл шаруашылығы жерін сатуға және шетелдіктерге жалға беруге қарсы митингіде тұр. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.

Атырау соты азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянды тағы бір ай қамауда қалдыруға үкім етті. Екі айдан бері қамауда отырған белсенділерді 31 тамызға дейін "іс материалдарымен танысу үшін" уақытша қамау орнында ұстай тұрмақ. Ол екеуінің үстінен қозғалған сотқа дейінгі тергеу ісі аяқталғаны туралы Азаттыққа адвокат Төлепқали Аянов айтты.

Боқаев пен Аянға әуелде "билікті басып алмақ болды" деген айып тағылған. Өткен аптада бұл айып "әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни алауыздықты қоздырды", төтенше жағдай кезінде немесе соғыс жағдайында не көпшілік іс-шаралар кезінде көпе-көрінеу жалған таратты", "жиын, митинг, пикет немесе демонстрацияны ұйымдастыру мен өткізу тәртібін бұзды" деген айыптарға өзгерген.

Боқаев пен Аян ондаған белсенділер қатарында 21 мамырдың қарсаңында ұсталып, үйлері тінтілген.

Сәуірде жер мәселесі бойынша Қазақстанның бірнеше қаласында көпшіліктің қатысуымен наразылық акциялары өткен еді. Осы шерулерден соң, мамырдың 5-і күні Қазақстан президенті жер кодексіндегі шетелдіктерге ауыл шаруашылығы жерін жалға беру мерзімін 10 жылдан 25 жылға дейін ұзарту, құрамында шетелдіктер бар серіктестіктерге жер сату туралы даулы баптарға жыл соңына дейін мораторий жариялап, үкімет жанынан жер реформасын қоғаммен талқылайтын комиссия құрылған.

Атырауда басталған шеруден кейін Алматы және басқа қалаларда белсенділер мамырдың 21-і күні наразылар митингіге шығуға тырысқанымен, көшедегі адамдарды жаппай полиция ұстаған. Мамырдың 21-і қарсаңында және сол күні ұсталған белсенділердің арасынан 30-дан астам адам 15 тәулікке қамалған.

XS
SM
MD
LG