Accessibility links

Ереванда полиция «Сасна црер» тобын қолдаушылар шеруін күшпен таратты


Полиция наразылық шеруіне қатысушыны ұстап жатыр. Ереван, 29 шілде 2016 жыл.

Полиция наразылық шеруіне қатысушыны ұстап жатыр. Ереван, 29 шілде 2016 жыл.

Ереванда патрульдік полиция полкінің аймағын басып алған «Сасна црер» қарулы тобына қолдау білдіріп жұма күні кешке шеруге шыққандарды полиция арнайы құралдар қолданып, күшпен таратты. Наразылық акциясына қатысқан ондаған адам ұсталған, зардап шеккендер бар.

Оппозициялық «Жарангутюн» («Мирас») партиясының өкілі Армен Мартиросян қақтығысты азаматтық киімдегі полиция қызметкерлері арандатты деп мәлімдеді, бірақ полиция бұл ақпаратты жоққа шығарды.

Полиция мен шерушілер арасындағы қақтығыс болған жерден хабар таратып жүрген Азаттықтың Армян қызметінің (Азатутюн радиосы) журналистері Карлен Асланян, Ованнес Мовсисян және Гарик Арутюнян шабуылға ұшыраған. Мовсисянның айтуынша, азаматтық киімдегі адамдар демонстранттарды шоқпармен ұрып, журналистердің киіміндегі баспасөз өкілі екені білдіретін жазуларды жұлған. Шабуыл салдарынан редакцияның мүлкі сынып, шеруден тікелей беріліп жатқан трансляция үзіліп қалған.

17 шілде күні Ереванның Эребуни ауданындағы патрульдік-полиция полкі ғимараты аймағын басып алған қарулы топ «заңсыз қару сақтаған» деген айыппен 20 маусымда қамауға алынған «Құрылтайшы парламент» қозғалысының жетекшісі Жирайр Сефилянды түрмеден босату туралы талап қойып отыр.

Қарулы топты қолдаушылар бұған дейін бірнеше рет шеруге шығып, Армения президенті Серж Саргсянның отставкаға кетуін талап еткен. Шерушілер мен полиция арасында қақтығыстар болған.

Еревандағы шеруді полицияның таратқаны туралы видео:

XS
SM
MD
LG