Accessibility links

Полиция Мақтаралдағы "бұзақылық" туралы айтты


Оңтүстік Қазақстан облысының аумақтық картасы

Оңтүстік Қазақстан облысының аумақтық картасы

Оңтүстік Қазақстан облысының Ішкі істер департаменті Мақтарал ауданы Сейфуллин ауылында болған оқиғаға ресми түсініктеме берді.

Шымкентте өткен баспасөз мәслихатында ОҚО ІІД басшысының орынбасары Сырым Абдуллаев "жергілікті тұрғындар арасында бұзақылық іс-әрекеттер болды" деп мәлімдеді.

Оқиға кезінде үш адам жараланып, бір дүкеннің әйнегі қираған. Полицияның мәліметінше, "Бұзақылық әрекетке Сейфуллин ауылы тұрғынының кәмелет жасқа толмаған қызына сексуалды сипаттағы әрекеттер жасалды деген күдігі себеп болған".

Ресми ақпарат бойынша, қыз балаға жасалған медициналық тексеруге ата-анасы да қатысқан. Полиция басшысы тексеру кезінде "патологиялық зақым мен жарақат болмағаны анықталды" деп мәлімдеді. Іс бойынша сот-медициналық, психологиялық-психиатриялық сараптама тағайындалған. Ал күдікті ата-анасының жауапкершілігіне берілген.

Қылмыстық кодекстің 121-бабы, 4-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Қоғамдық қауіпсіздікті сақтау үшін 170 полиция қызметкері оқиға орнына жіберіліп, облыс әкімінің, прокурор мен полиция басшыларын Сейфуллин ауылы тұрғындарымен жиын өткізген.

Бұған дейін Мақтарал ауданы, Сейфуллин ауылдық округы, Жолдасбай Ералиев ауылын полиция қоршап тұрғаны жайында Азаттыққа тұрғындар хабарлаған еді.

XS
SM
MD
LG