Accessibility links

Матаевтарды сот өтетін Астанаға жеткізді


Сейітқазы Матаев, Қазақстан журналистер одағының төрағасы.
Сейітқазы Матаев, Қазақстан журналистер одағының төрағасы.

Соты Астанада өтетін Сейтқазы Матаев пен ұлы Әсет Матаевтар Астанаға жеткізілді. Бұл туралы Азаттыққа хабарлаған Матаевтардың адвокаты Андрей Петров олардың Алматыдан кешігіп, сағат 13:00 шамасында ұшақпен келгенін айтты.

- Бәріміз өз бетімізше келдік: адвокаттар, Әсет және Сейітқазы Матаевтар. Бірақ олармен бірге күзет болды, Алматының жемқорлыққа қарса ұлттық бюро қызметкерлері. Ұшып келгенімізде ұлттық бюроның көлігі күтіп тұрды, - дейді Андрей Петров.

Адвокаттың айтуынша, Матаевтар тергеушімен келісілген, жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро қызметі ұсынған пәтерлерге бөлек-бөлек орналастырылған. Андрей Петровтың сөзінше, әуежайға келіп қонған соң Сейітқазы Матаевтың қан қысымы көтерілген. Бірақ ем-дом қабылдаған ол ауруханаға барудан бас тартқан.

27 шілдеде Есіл аудандық соты Сейітқазы Матаевқа қатысты алдын ала сот тыңдауын 3 тамыз күні сағат 10-ға белгілеген. Есіл аудандық соты сол күні Сейітқазы Матаевтың үйқамақта отыру мерзімін 22 қыркүйекке дейін ұзартқан болатын.

Биыл 22 ақпанда «мемлекет қаржысын жымқырған» және «салықтан жалтарған» деген күдікпен ұсталған Сейітқазы Матаев 24 ақпаннан бері үйқамақта отыр. 28 наурызда оның ұлы, ҚазТАГ ақпарат агенттігі бас директоры Әсет Матаев та үйқамаққа алынған. Әкелі-балалы Матаевтар өздеріне тағылған айыптарды жоққа шығарып, «келген зиян» туралы айыптау толықанды аудиторлық тексеру жүргізілместен тағылғанын айтады.

Мамыр айында Сейітқазы Матаевтың адвокаттары оған тағылған айып қызмет өкілетін пайдаланып өзіне артылған сенімді теріс мақсатқа пайдаланды" деген ауыр бапқа өзгергенін хабарлаған. Әсет Матаевқа қатысты айып та осыған ұқсас өзгертілген.

ҚазТАГ агенттігінің ақпараты бойынша, арасында ВВС, «Неміс толқыны», РБК, «Россия-24», France Press және өзгелері бар шетелдік бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары Сейітқазы Матаевтың ісі бойынша өтетін сотқа қатысуға ниет білдірген.

XS
SM
MD
LG