Accessibility links

Құқық қорғаушы Талас Сағымбаев бостандыққа шықты


Құқық қорғаушы Талас Сағымбаев.

Құқық қорғаушы Талас Сағымбаев.

Астаналық құқық қорғаушы, премьер-министр Кәрім Мәсімовтің әкесіне сотта жеңілген Талас Сағымбаев бостандыққа шықты. Ол биыл наурыздан бері Ақмола облысының Степной елді мекеніндегі ЕЦ-166/26 жалпы режимдегі колониясында жазасын өтеген.

Сағымбаев бас бостандығын шектеу жазасы бас бостандығынан айыру жазасына өзгертілген соң төрт ай 22 күнге түрмеге жабылған.

Құқық қорғаушының ағасы Қабиден Сағымбаев Азаттыққа қазір Талас Сағымбаевтың Ақмола облысының Есіл қаласында туыстарының үйінде екенін, Астанаға әлі жетпегенін айтты.

Азаттық тілшісі Талас Сағымбаевтың өзімен тілдесе алмады. Басқа бір туыстары Сағымбаевтың "туысымен өзенге демалуға кеткенін" және ол жақта "телефон байланысы ұстамайтынын" айтты.

Астананың Сарыарқа аудандық №2 соты өткен жылы мамырда Сағымбаевты соттың Кәрім Мәсімовтің әкесі, бизнесмен Қажымқан Мәсімовке "моральдық шығын ретінде" 300 мың теңге төлеу туралы шешімін орындамағаны үшін бір жылға бас бостандығын шектеген.

Талас Сағымбаев Қажымқан Мәсімовпен бірнеше жыл бойы дауласып, оны "бизнесін дұрыс жүргізбеді" деп айыптаған. Бірақ кейін сотта жеңіліп, көрінбей кеткен.

XS
SM
MD
LG