Accessibility links

Риодағы қазақ боксшыларының қарсыластары анықталды


Қазақстан боксшысы Данияр Елеусінов. Көрнекі сурет

Қазақстан боксшысы Данияр Елеусінов. Көрнекі сурет

Бокстан Рио олимпиадасындағы жарыс жеребесі тартылды. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, қазақстандық Біржан Жақыпов (49 кг) жарысты екінші айналымнан бастайды. Ол Матиас Намуниела (Намибия) мен Руфат Хусеинов (Әзербайжан) арасындағы жекпе-жектің жеңімпазымен кездеседі.

Олжас Сәттібаев (52 кг) бірінші айналымда пуэрто-риколық Хавьер Кинтронды жеңсе, 2015 жылғы әлем чемпионы әзербайжандық Элвин Мамишзадемен рингке шығады. Қайрат Ералиев (56 кг) 2013 жылы Алматыда өткен әлем чемпионатының жеңімпазы әзербайжандық Жавид Челебиевпен кездеседі. Ералиев Алматыдағы әлем чемпионатының жартылай финалында осы боксшыдан жеңілген.

Берік Әбдірахманов (60 кг) алғашқы айналымда америкалық Карлос Вальдераспен кездеседі. Абылайхан Жүсіпов (64 кг) бірінші жекпе-жегінде ұлыбританиялық Пэт Маккормакпен сайысқа түседі. Оның жеңсе, кубалық Иаснэль Толедомен бокстасады.

Данияр Елеусінов (69 кг) жарысты екінші айналымнан бастайды. Оның алғашқы қарсыласы Джош Келли (Ұлыбритания) мен Уалид Мохаммад (Египет) арасындағы жекпе-жекте анықталады. Жәнібек Әлімханұлы (75 кг) алғашқы айналымда ұлыбританиялық Энтони Фоулермен кездеседі.

Әділбек Ниязымбетов (81 кг) екінші айналымда Валентино Манфредонио (Италия) мен Михаил Долголевец (Белорусь) арасындағы жекпе-жек жеңімпазымен жұдырықтасады. Василий Левит (91 кг) екінші айналымда қытайлық Ю Фенкаймен бокстасады.

+91 килограмм салмақта Иван Дычко бірінші айналымды аттап өтеді. Оның қарсыласы Магомедрасул Меджидов (Әзербайжан) пен Мохамед Арджоуи (Марокко) арасындағы кездесуде анықталады. Дычко 2013 жылы Алматыдағы әлем чемпионатының финалында Меджидовтан нокдаунмен жеңілген.

Әйелдер арасында Жайна Шекербекова (51 кг) екінші айналымда марокколық Захра Ез-Захрауи мен франциялық Сара Оурахмон арасындағы кездесудің жеңімпазымен бокстасады.

Дариға Шәкімова (75 кг) бірінші айналымда 2008 жылғы әлем чемпионы канадалық Ариана Фортинмен рингке шығады.

Рио олимпиадасындағы бокс жарыстары 6-21 тамыз арасында өтеді.

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG