Accessibility links

"Жас Алаш" журналистерінің шағымы бойынша сотты кейінге қалдырды


Гүлнара Жуаспаева, "Жас Алаш" журналистерінің мүддесін сотта қорғаушы адвокат.
Гүлнара Жуаспаева, "Жас Алаш" журналистерінің мүддесін сотта қорғаушы адвокат.

Алматыда басталған "Жас Алаш" басылымы журналистерінің шағымы бойынша сот отырысы кейінге қалдырылды.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, Әуезов аудандық сотында өтіп жатқан сотқа жауапкер жақ - Әуезов аудандық ішкі істер бөлімінен (ІІБ) ешкім келмеді. ІІБ атынан сотқа келген Алматы қалалық ішкі істер департаментінің өкілі Ербол Құлбаев "сотқа дайын емесін" айтып, тыңдауды 16 тамызға қалдыруды сұрады. Ол шағымды "бүгін ғана факспен алғанын" айтты. Судья оның өтінішін қанағаттандырып, сотты 16 тамызға қалдырды.

Журналистер өздерін 21 мамыр күні Алматыдағы жер реформасына қарсы акция кезінде ұстаған Әуезов аудандық ішкі істер бөлімі қызметкерлерінің әрекетіне шағымданған.

Адвокат Гүлнара Жуаспаева жауапкер жаққа "Жас Алаш" журналистері Асылхан Әбдірайым, Сансызбай Молдасанов және Қуаныш Нұрданбекұлының шағымдарын өткен айда электронды үкімет порталы арқылы жолдағанын айтты. Бірақ Құлбаев оны жоққа шығарды.

Адвокат бүгін судьядан ішкі істер департаментін де сотқа жауапкер ретінде тартуды сұраған. Судья бұл өтінішті қарауды кейінгі отырысқа қалдырды.

21 мамыр - Қазақстанның бірнеше қаласында, оның ішінде Алматыда жүздеген адам жер реформасына қарсы рұқсат етілмеген митингіге шықпақ болған күні полиция ондаған журналист пен азаматтық белсендіні ұстаған. Бұл күні полиция жүздеген адамды ұстап, қарсылық акциясын болдырмай тастаған. Ұсталғандар полиция бөлімшелеріне жеткізіліп, сол күні босатылған.

21 мамырда бірнеше қалада ұсталған журналистер арасында Азаттық тілшілері де болған. Ішкі істер министрлігі журналистердің ұсталуын "түсінбестіктен болды" деп мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG