Accessibility links

Астана Анкараның сұрауы бойынша қазақ-түрік лицейлерін тексереді


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Түркия президенті Режеп Ердоған. Анкара, 5 тамыз 2016 жыл. Телеэкраннан скриншот.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Түркия президенті Режеп Ердоған. Анкара, 5 тамыз 2016 жыл. Телеэкраннан скриншот.

Қазақстандағы қазақ-түрік лицейлерінің түрік діни жетекшісі Фетхулла Гүленмен байланысы бар-жоғын тексеру үшін Қазақстан мен Түркияның білім беру саласы мамандарынан арнайы топ құрылады. Бұл туралы жұма күні Анкарада Түркия президенті Режеп Ердоғанмен келіссөзден кейін баспасөз мәслихатында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың айтқан сөзінен мәлім болды.

«Біз Түркияға қарсы жұмыс істейтін күштерді еш уақытта қолдамаймыз. Бұл біздің мүддемізге жатпайды. Сондықтан біз бүгін елдеріміздің білім беру министрліктері жұмыс тобын құрып, әр мектепті тексереді деп уағдаластық», - деген ол.

Назарбаев Қазақстандағы қазақ-түрік лицейлері – мемлекеттік мектептер екенін, ондағы ұстаздардың 90 пайызы - Қазақстан азаматтары, ал Түркиядан келетін мұғалімдер 8-9 пайыз ғана екенін айтқан.

Бұған дейін Түркияның Қазақстандағы елшісі Невзат Уянык Қазақстанда «Фетхулла Гүленмен байланысы бар оқу орындары бар» деп мәлімдеп, Қазақстан билігін олардың қызметін тоқтатуға шақырған. Бұдан соң Қазақстан білім және ғылым министрлігі елдегі қазақ-түрік лицейлері жұмысын жалғастыра беретінін мәлімдеген.

Түркияда 16 шілдеде іске аспай қалған мемлекеттік төңкеріс әрекетіне ресми Анкара АҚШ-та тұратын теолог Фетхулла Гүленді айыптайды. Гүлен төңкеріс әрекетіне өзінің қатысы жоғын айтып, ол айыптауларды жоққа шығарады. Бүліктен соң Түркия билігі Орталық Азия елдері биліктерінен «гүленшіл» дейтін оқу орындарына деген «көзқарасын өзгеруді талап етіп», «гүленшілердің төңкеріс жасау пиғылы барын» ескерткені туралы мәлімдей бастаған.

Бұған дейін Қазақстандағы қазақ-түрік лицейлеріне демеушілік ететін халықаралық KATEV қоры өкілі Азаттыққа берген сұқбатында «олардың Фетхуллах Гүленге де, Түркияға да қатысы жоқ» екенін мәлімдеген болатын.

XS
SM
MD
LG