Accessibility links

Ресей: Алеппода ұрыс күн сайын уақытша тоқтатылады


Алеппоның Сирия билігі әскерінің бақылауындағы ауданынан көтерілген түтін. Сирия, 9 тамыз 2016 жыл.
Алеппоның Сирия билігі әскерінің бақылауындағы ауданынан көтерілген түтін. Сирия, 9 тамыз 2016 жыл.

Ресей билігінің мәліметінше, Сирияның Алеппо қаласын қоршап тұрған әскер қалаға гуманитарлық жүк кіруі үшін күн сайын үш сағаттан ұрыс қимылдарын тоқтатпақ. Ресей қорғаныс министрлігінің жоғары шенді өкілі Сергей Рудскийдің хабарлауынша, 11 тамыздан бастап "барлық әскери операциялар", оның ішінде әуе шабуылдары мен артиллериядан атқылау жергілікті уақыт бойынша таңертеңгі сағат 10-нан түскі сағат 13-ке дейін тоқтатылмақ.

БҰҰ гуманитарлық миссиясының басшысы Стивен О'Брайеннің айтуына қарағанда, жүкті тиеп, оны қалаға апару және эвакуациялау үшін қақтығыс кем дегенде 48 сағатқа тоқтауы тиіс. АҚШ мемлекеттік департаментінің мәлімдемесінде "Біз бірінші кезекте қажет заттарды сәтті жеткізуге мүмкіндік беретін кез-келген үзілісті құптаймыз. Бірақ оны соғысушы барлық тарап бірдей сақтауы тиіс" делінген.

Бұған дейін БҰҰ Алеппода электр қуатын тарату және су жүйелерін қалпына келтіру үшін ұрысты дереу тоқтатуға шақырған. БҰҰ мәліметінше, қала маңында екі миллионға тарта адам көмекке мұқтаж.

Сергей Рудскийдің мәлімдеуінше, Алеппоның оңтүстік-батыс бөлігіне жасақтар, артиллерия, танктер мен басқа да бронды техникалар жеткізіліп жатыр. Көтерілісшілер жасағының саны жеті мыңға жетеді.

Алеппода Сирия президенті Башар Асадты қолдайтын күштер мен оппозицияшыл көтерілісшілер арасындағы ұрыс шілденің ортасында басталған.

XS
SM
MD
LG