Accessibility links

Украина Ресейдің Қырымға қатысты айыбына орай БҰҰ-ға жүгінбек


Украина президенті Петр Порошенко.
Украина президенті Петр Порошенко.

Украина Ресейдің Федералдық қауіпсіздік қызметі (немесе ФСБ) "Қырымда теракт жасамақ болған украин диверсанттарын" ұстағаны туралы хабарлаған соң БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне жүгінбек. Бұл туралы Украинаның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Владимир Ельченко мәлімдеді.

Дипломаттың сөзінше, Киев БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысын "тіпті түннің ортасында болса да" шақыруға даяр. Ол жағдайды БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мунға баяндауды жоспарлап отыр.

Ельченко Twitter-дегі аккаунтында жағдайды Грузиядағы оқиғалармен салыстырды.

Кеше ФСБ Қырымда "украин барлауының қызметкерлері деп таныстырған диверсанттар ұсталып, ресейлік екі офицер мерт болғаны" туралы хабарлаған Украина мен Ресейдің арасы күрт нашарлаған. Ресей президенті Владимир Путин Украина билігін "террор әдісіне" жүгініп отыр деп айыптаған. Оның пікірінше, Донбастағы қақтығысты "Норманд форматында" бейбіт реттеу жөніндегі келіссөздің мәні жоқ.

Украина президенті Петр Порошенко Ресей билігінің айыбын Мәскеудің "Донбаста Ресей әскері жоқ" деген мәлімдемесі сияқты "мәні жоқ" және "арсыз" деп атады. "Бұл қиял - Украинаға жасалған кезекті әскери доқ көрсетуге тек ілік қана" деді Порошенко.

Украина сыртқы істер министрлігі Киев Ресейдің мұндай мәлімдемелерін Кремльдің кезекті арандатуы деп қатаң айыптайтынын мәлімдеді. Украина қорғаныс министрлігі теракт жоспарлау және Ресей әскерилеріне шабуылға дайындық туралы ақпаратты "негізсіз" деп атады.

XS
SM
MD
LG