Accessibility links

Белсенді Кибраев пен оның әйеліне сот үкімі шықты


Ринат Кибраев, азаматтық белсенді.
Ринат Кибраев, азаматтық белсенді.

Алматыда азаматтық белсенді Ринат Кибраев пен оның әйелі Сайран Бекбергеноваға қатысты сот үкімі шықты.

Кибраевтың адвокаты Жанара Балғабаеваның Азаттыққа айтуынша, Алмалы аудандық соты үкімді 10 тамыз күні кешке шығарған. Судья Ринат Кибраев пен Сайран Бекбергенованы қылмыстық кодекстің 309-бабы ("Жезөкшелiкпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау және сутенер болу") бойынша айыпты деп тауып, Кибраевты бір жарым жылға, Бекбергенованы бір жылға соттаған.

Сот Кибраевты жазасын еңбекпен түзеу колониясында өтеуге, Бекбергенованы аяғы ауыр болғандықтан жазасын өтеуді екі жылға дейін шегеруге үкім еткен.

Бұған дейінгі сот отырысында Жанар Балғабаева сотталушылар сотқа «кінәсін толық мойындайтыны туралы процессуалдық келісім жасау туралы» өтініш бергенін айтқан. Сот үкімді осы процессуалдық келісімді ескере отырып шығарған.

Адвокат Балғабаева сотталушылар сот үкімімен келісетінін айтады.

Ринат Кибраевқа қатысты сот тамыздың 3-і күні басталған. Сот процесі жабық өтіп, оған журналистер кіргізілмеген. Жақтастары Ринат Кибраевты «оның белсенділігі үшін жазалап» отыр деп біледі.

XS
SM
MD
LG