Accessibility links

Қазақстандық үш боксшы олимпиаданы жеңіспен бастады


Қазақстандық Данияр Елеусінов (көк формада) ұлыбританиялық Джош Келлимен бокстасып жатқан сәт. Рио, 11 тамыз 2016 жыл.
Қазақстандық Данияр Елеусінов (көк формада) ұлыбританиялық Джош Келлимен бокстасып жатқан сәт. Рио, 11 тамыз 2016 жыл.

56 килограм салмақтағы боксшы Қайрат Ералиев Рио олимпиадасының бірінші айналымда әзербайжандық Джавид Челебиевті жеңді. Челебиев 2013 жылы Алматыда өткен әлем чемпионатында Ералиевтен басым түскен. Ол жарыста Әзербайжан боксшысы алтын, Ералиев қола алған еді. Риода Қазақстан боксшысы екінші айналымда өзбекстандық Мураджон Ахмадалиевпен кездеседі.

- Өзбекстан боксшысынан әлем чемпионатында (2015 жылы Дохада - ред.) жеңілгем. Енді Риода есе қайтаруым керек, - деді боксшы кездесуден кейін.

69 килограмда 2013 жылғы әлем чемпионы Данияр Елеусінов жарысты екінші раундтан бастап, Джош Келлиді (Ұлыбритания) жеңді - 3:0. Қазақстандық боксшы ширек финалда Венесуэла боксшысы, 2013 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Габриэл Маестремен кездеседі.

- Олимпиадаға әлсіз қарсылас келмейді. Келли өте жылдам боксшы. Жеңіске жеткеніме қуаныштымын, - деді Елеусінов.

81 килограмда Лондон олимпиадасының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов Михаил Долголевецті (Белорусь) жеңді - 3:0. Енді ол ширек финалда әзербайжандық Тимур Маммадевпен рингке шығады.

19 жастағы Абылайхан Жүсіпов (64 кг) бірінші айналымда 21 жастағы ұлыбританиялық Пэт Маккормактан жеңіліп, жарысты аяқтады.

Кездесуден кейін Қазақстан құрамасының бас бапкері "Жүсіпов рингте толық күшін жұмсады. Бірақ қарсыласы одан мықты болды" деді.

Қазірге дейін Қазақстан құрамасы Рио олимпиадасында екі алтын, екі күміс, үш қола медаль иеленді. Ауыр атлетикадан Нижат Рахимов пен жүзуден Дмитрий Баландин алтын алды. Жазира Жаппарқұл (ауыр атлетика) мен Елдос Сметов (дзюдо) күміс медаль еншіледі. Галбадрах Отгонцэцэг (дзюдо), Карина Горичева мен Фархад Харки (екеуі де - ауыр атлетика) қола медаль иеленді. Қазақстан 11 тамыздағы командалық есепте 12-орында тұр.

XS
SM
MD
LG