Accessibility links

Ақтөбе облысында терроризмге қарсы кешенді жоспар құрылды


Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев облыстағы шабуылдан кейінгі ахуал туралы мәлімдеме жасап отыр. 6 маусым 2016 жыл.
Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев облыстағы шабуылдан кейінгі ахуал туралы мәлімдеме жасап отыр. 6 маусым 2016 жыл.

Ақтөбеде діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу жөніндегі 2016-2017 жылдарға арналған кешенді жоспар жасалды. Бұл туралы Азаттыққа облыстық әкімдіктен хабарлады.

5 маусымда болған шабуылдардан соң Ақтөбеде діни экстремизм мен терроризмге қарсы арнайы жұмыс тобы құрылған болатын. Құрамына күштік құрылымдар, мемлекеттік орган қызметкерлері мен имамдар, теологтар кірген бұл топ бүгін облыстық әкімдікте екі айлық жұмысын қорытындылаған.

Журналистер шақырылмаған жиында дін ұстанушылар арасындағы жұмыссыздық жайы, екпе салудан бас тартушылар мен дәстүрлі емес діни ағымды ұстанушылармен жеке-жеке жұмыс жүргізу жайы да сөз болған.

Жұмыс тобына жетекші болған облыс әкімінің орынбасары Асқар Шерияданов діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу жөніндегі 2016-2017 жылдарға арналған кешенді жоспар құрылғаны туралы хабарлады. "Сонымен қатар, халықтың діни сауаттылығын арттыру арқылы биыл радикалды исламды ұстанушы 300-ден астам адамның дәстүрлі исламға қайтарылғаны да айтылды" делінген облыстық әкімдік жолдаған хабарламада.

Діни экстремизм мен терроризмге қарсы арнайы жұмыс тобының екі айлық есебін тыңдаған облыс әкмі Бердібек Сапарбаев аймақта терроризмге қарсы идеологияны күшейту, интернет кеңістігіндегі экстремистік материалдарға тосқауыл қою туралы тапсырма берген. Сонымен бірге қоғамдық кеңес мүшелеріне тұрғындар арасында түсінік жұмыстарын күшейтуді тапсырған. Оған мәслихат депутаттары да тартылмақ.

XS
SM
MD
LG