Accessibility links

Козлов: Түрмеден босауыма ЕО мен Еуропа парламентінің ықпалы тиді


Владимир Козлов баспасөз конференциясын өткізіп отыр. Алматы, 22 тамыз 2016 жыл.
Владимир Козлов баспасөз конференциясын өткізіп отыр. Алматы, 22 тамыз 2016 жыл.

Сот шешімімен жабылған оппозициялық "Алға" партиясының бұрынғы жетекшісі Владимир Козлов бүгін Алматыда түрмеден босағаннан кейінгі алғашқы баспасөз конференциясын өткізді. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, конференция өтіп жатқан Адам құқығы жөніндегі қазақстандық бюроның шамамен 20 адам сиятын залы лық толған. Конференцияға журналистерден өзге Козловтың жақтастары да қатысты. Жиында сонымен қатар жай киімдегі адамдар да оқиғаны гаджеттер мен қызметтік бейнекамераларға түсіріп отырды.

Владимир Козлов өзінің мерзімінен бұрын босауына Еуропа Одағы мен Еуропа парламентінің ықпалы әсер еткенін айтты.

- Еуропа Одағы мен Еуропа парламентінің еңбегі сіңгені даусыз екенін айқтым келеді. Себебі олар босатуды талап етіп бес рет қарар қабылдады. Бұл қарарлар сыртқы істер министрлігі, әкімшілік арқылы өз жұмысын атқарды. Еуропа парламентінің жекелеген депутаттарының да еңбегі бар. Мұның барлығы отбасыма оралуға жол ашып отырды, - деді Козлов.

Владимир Козлов ЕО мен Еуропа парламентінің өзінің түрмеден босауы туралы келіссөздерге қатысқан, я қатыспағанын білмейтінін, бірақ түрмеде "адам болып қалуына" "жүз пайыз көмектескенін" айтты.

Баспасөз жиынын журналист және құқық қорғаушы Сергей Дуванов ашты. Ол Владимир Козлов саяси мақсатпен қудаланды деп мәлімдеді.

2012 жылғы қаңтарда қамауға алынып, қазанда жеті жарым жылға сотталған Козлов соңғы жылдары Алматы түбіндегі Заречный кентінің түрмесінде отырған. Оған қарсы түрлі дисциплинарлық жаза түрлері қолданылған еді. Саясаткер мұндай жаза түрлері өзін мерзімінен бұрын босатпау үшін жасалып жатыр деп санаған. Алайда екі апта бұрын Қапшағай қалалық соты оны мерзімінен бұрын босату туралы шешім қабылдағаны белгілі болды.

2011 жылғы желтоқсанда болған қанды Жаңаөзен оқиғасынан соң көп ұзамай ұсталған Владимир Козлов "әлеуметтік араздық тудырды" деп айыпталған. Жаңаөзенде полиция қарусыз ереуілшілерге оқ атып, 16 адам өліп, 100-ден астамы жараланған еді.

Еуропа Одағының сыртқы саясат жөніндегі ресми өкілі Козловтың бостандыққа шығуын жағымды жаңалық ретінде бағалаған.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG