Accessibility links

Матаевтардың сот шешіміне шағымы қолдау таппады


Журналистер Матаевтар сотын көрші залда монитордан қарап отыр. Астана, 22 тамыз 2016 жыл.
Журналистер Матаевтар сотын көрші залда монитордан қарап отыр. Астана, 22 тамыз 2016 жыл.

Астана қалалық соты бүгін Сейітқазы Матаев пен оның ұлы Әсет Матаевтың ісіне қатысты судья Ақболат Құрмантаевтың тамыздың 3-і күні шығарған шешімін терістеу туралы шағымды қанағаттандырмады. Бұл отырысқа Матаевтардың өздері қатысқан жоқ. «Қазақтелеком» компаниясының өкілдері мен мемлекеттік айыптаушылар Матаевтар қорғаушыларының жеке шағымын қолдамады. Матаевтардың адвокаттары сот ісі Алматы қаласында өтіп, өздерінің қорғауындағы адамдар кепілдік арқылы үйқамақтан босап, тергеу ісіне қосымша сот-экономикалық сараптама тағайындау қажет деп біледі.

Тараптардың уәждерін тыңдап болған соң бір сағаттық үзіліске кеңесу алқасына шыққан судья Мұрат Нұрабаев 3 тамызда қабылданған сот шешімін өзгеріссіз қалдырды.

Тамыздың 3-і күні өткен алдын ала сот тыңдауында судья Ақболат Құрмантаев адвокаттардың Сейітқазы Матаев пен оның ұлы Әсет Матаевтың әрқайсысына 500 айлық есептік көрсеткіш (бір айлық есептік көрсеткіш - 2121 теңге) көлемінде кепіл төлеп үйқамақтан босату, сот процесін Матаевтар тұратын Алматыда өткізу және қосымша сот-экономикалық сараптама тағайындау туралы өтініштерін қанағаттандырмаған болатын. Матаевтардың адвокаттары соттың бұл шешіміне келіспей шағым түсірген. Олардың пайымынша, судья Ақболат Құрмантаев қылмыстық процессуалдық кодекстің 314-бабының 2-тармағы ("Егер қылмыстық құқық бұзушылық бiр соттың қызметі жерiнде басталып, басқа соттың қызметі жерiнде аяқталса, iс тергеп-тексеру аяқталған жердегi соттың соттылығына жатады") және 3-тармағына ("Егер қылмыстық құқық бұзушылық Қазақстан Республикасынан тысқары жерде жасалса немесе қылмыстық құқық бұзушылық жасалған жердi анықтау мүмкiн болмаса немесе қылмыстық құқық бұзушылықтар әртүрлi жерде жасалса, iстi тергеп-тексеру аяқталған жердегi сот қарайды) қайшы шешім қабылдаған.

Биыл 22 ақпанда «мемлекет қаржысын жымқырған» және «салықтан жалтарған» деген күдікпен ұсталған Қазақстан журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев 24 ақпаннан бері үйқамақта отыр. 28 наурызда оның ұлы, ҚазТАГ ақпарат агенттігі бас директоры Әсет Матаев та үйқамаққа алынған. Әкелі-балалы Матаевтар өздеріне тағылған айыптарды жоққа шығарып, «келген зиян» туралы айыптау толыққанды аудиторлық тексеру жүргізілместен тағылғанын айтады.

Мамыр айында Сейітқазы Матаевтың адвокаттары оған тағылған айып "қызмет өкілетін пайдаланып өзіне артылған сенімді теріс мақсатқа пайдаланды" деген ауыр бапқа өзгергенін хабарлаған. Әсет Матаевқа қатысты айып та осыған ұқсас өзгертілген.

Матаевтарға қатысты негізгі сот тыңдауы ертең, 23 тамызда басталады.

XS
SM
MD
LG