Accessibility links

Сейітқазы Матаев сотта жедел жәрдемге жүгінді


Сейітқазы Матаев адвокаты Андрей Петровпен бірге сотта отыр. Астана, 23 тамыз 2016 жыл.
Сейітқазы Матаев адвокаты Андрей Петровпен бірге сотта отыр. Астана, 23 тамыз 2016 жыл.

Астана қаласы Есіл аудандық №2 сотында бүгін басталған сот отырысында Сейітқазы Матаев пен оның ұлы Әсет Матаев өздеріне тағылған айыптардың "түсініксіз" екенін мәлімдеді. Бұған дейінгі тергеу кезінде Матаевтар өздеріне тағылған айыппен келіспеген болатын.

Түске дейінгі сот тыңдауында мемлекеттік айыптаушы – прокурор Ержан Құрманбаев Матаевтарға тағылған айыпты бір сағатқа жуық оқып таныстырған соң судья Ақболат Құрмантаев айыпталушылардан айыптау қорытындысын түсінген, түсінбегендерін сұрады. Сейітқазы Матаев прокурордың 164 беттік айыптаудың 44-ін ғана оқығанын айтып, «қалғандарын тастап кеткендіктен ештеңе түсінбегенін», прокурордың істі қалдырмай түгел оқуын сұрады. Прокурор Ержан Құрманбаев Матаевтар талап еткен айыптау бөлімдерін әріптесі Айдын Абаевпен бірге түскі үзіліске дейін және бір сағат оқып бітіре алмады. Түскі үзілістен кейін айыптау қорытындысын оқып бітіруге прокурорларға жарты сағаттан астам уақыт қажет болды.

«Мемлекеттің аса ірі көлемдегі қаржысын жымқырған» және «ірі көлемдегі салықтан жалтарған» деген күдікке ілінген Матаевтарға үш іс бойынша айып тағылған. Оның бірі – Сейітқазы Матаев өзі басқаратын «Ұлттық баспасөз клубы» қоғамдық қорына тіркелген Алматы мен Астанадағы ғимараттарын жалға берген 2011 мен 2015 жылдары мемлекетке 217 миллион теңгеге жуық салық төлемеген. Екінші іс бойынша, Сейітқазы Матаев «Қазақтелеком» акционерлік қоғамынан келісім шарт арқылы алған қаржыны теріс пайдаланып, 144 миллион теңгеге жуық қаржыны жымқырған. Үшінші іс бойынша, Сейітқазы Матаев ұлы Әсет Матаев басқаратын ҚазТАГ ақпарат агенттігі арқылы байланыс комитетінен алған қаржыны тендер шарттарын дұрыс орындамай, «мемлекеттің 190 миллион теңгесін жымқырған».

Судья Ақболат Құрмантаев Матаевтардан айыптау қорытындысына қатысты пікірлерін қайта сұрады. Сейітқазы Матаев «айыптаудың бәрі түсінікті емес екенін», прокурорлар оқыған есімдердің бәрі өзіне «туысқан еместігін» мәлімдеп, сот ісі кезінде анықтама беретінін хабарлады.

Сонымен қатар, ол өзінің қан қысымы көтеріліп тұрғанын айтып, сот ғимаратындағы кезекші дәрігерге ине салдырып алуға судьядан 10 миниуттық үзіліс сұрады. Судья үзіліс жариялаған соң Матаевтардың жақтастары оған жедел жәрдем шақырды.

Биыл 22 ақпанда «мемлекет қаржысын жымқырған» және «салықтан жалтарған» деген күдікпен ұсталған Қазақстан журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев 24 ақпаннан бері үйқамаққа алдынған. 28 наурызда оның ұлы, ҚазТАГ ақпарат агенттігі бас директоры Әсет Матаев та үйқамаққа алынды. Әкелі-балалы Матаевтар өздеріне тағылған айыптарды жоққа шығарып, «келген зиян» туралы айыптау толыққанды аудиторлық тексеру жүргізілместен тағылғанын айтады. Мамыр айында Сейітқазы Матаевтың адвокаттары оған тағылған айып "қызмет өкілетін пайдаланып өзіне артылған сенімді теріс мақсатқа пайдаланды" деген ауыр бапқа өзгергенін хабарлаған. Әсет Матаевқа қатысты айып та осыған ұқсас өзгертілген.

3 тамызда өткен алдын ала сот тыңдауында судья адвокаттардың Матаевтарды кепілге үйқамақтан босату, сотты Алматыда өткізу және қосымша сот-экономикалық сараптама тағайындау туралы өтінішін қанағаттандырмай тастаған.

XS
SM
MD
LG