Accessibility links

Қызылорда облысы: "Жерді заңсыз иеленген" 800 адамға айыппұл салынды


Қызылорда облысының аумақтық картасы (Көрнекі сурет).

Қызылорда облысының аумақтық картасы (Көрнекі сурет).

Қызылорда облыстық прокуратурасы "жер телімдерін өз бетімен басып алудың" 800-ден астам фактісі анықталғанын мәлімдеді. Прокуратураның мәлімдеуінше, "басып алған жер телімдеріне үй сала бастаған" 496 адам анықталған. Бір ай ішінде 381 тұрғынға "мемлекет меншігі құқығын бұзғаны үшін" 57 миллион теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынған.

Өткен айдың басында Қызылорда облыстық әкімшілігі алты мыңнан астам адамға жеке тұрғын үй салуға жер телімдері берілгенін хабарлаған. Жергілікті биліктің мәлімдеуінше, Қызылордада жер телімін алу кезегіне 42 мыңға тарта азамат тіркелген.

Прокуратураның мәлімдемесінде "құйылып қойған іргетастар мен тұрғызылған үйлерге заң талаптарының нормалары түсіндіріліп, қалалық жер қатынастарының байланыс телефондары көрсетілген плакаттар ілініп жатқаны" айтылады. Плакаттар әл-Фараби, Қорқыт ата және Ақмаржан аудандарындағы ондаған жер теліміне ілінген.

"Мемлекет меншігіндегі жер телімін жергілікті атқару органының тиісті рұқсатынсыз иеленуге жол берілмейді" делінген прокуратураның мәлімдемесінде.

Ресми мәлімет бойынша, "иесіз қалған" 243 құрылыс әділет органдарына "иесіз жылжымайтын мүлік" ретінде есепке алынып, одан ары коммуналдық меншікке өткізілмек.

XS
SM
MD
LG