Accessibility links

Қырғызстанда бүгін Мәскеудегі өрт құрбандарын аза тұтады


Мәскеудегі өрттен қаза тапқан қырғызстандықтар.
Мәскеудегі өрттен қаза тапқан қырғызстандықтар.

Қырғызстанда 29 тамыз - дүйсенбі аза тұту күні деп жарияланды. Азаттықтың Қырғыз редакциясының хабарлауынша, Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев қол қойған жарлықта аза тұту 27 тамызда Мәскеуде өрттен 14 қырғызстандық пен Бішкек-Ош жолында жол апатынан 9 қырғыз азаматының қаза табуына байланысты жарияланғаны айтылады.

"Бұл - Қырғызстан халқы үшін орны толмас ауыр қайғы. Мемлекеттік органдар құрбан болғандар мен зардап шеккендердің отбасыларына қолдау көрсету шараларын жасайды. Адам өлімінің шынайы себептерін анықтау жұмыстары, оның ішінде Ресейдің мемлекеттік органдарымен тиісті келіссөз жүргізіледі" делінген.

27 тамызда Мәскеуде баспа қоймасы өртеніп, 17 адам қаза тапты, оның 14-і - Қырғызстан азаматтары.

Ресей төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметтеріне қарағанда, өрт электр лампасынан шыққан. Бұл кезде жұмысшылар ғимараттың төртінші қабатында болған, өрт тез қаулап, олар түтінге тұншығып, шыға алмай қалған.

Қырғызстан үкімет басшысы орынбасары Гүлмира Құдайбердиева Бішкектегі өрт құрбандарын еске алу жиынында Мәскеуден баспада шыққан өрттің себептерін тексеруді талап ететіндерін мәлімдеген.

Аза тұту күнінде Қырғызстан аумағында және осы елдің шетелдердегі дипломатиялық және консулдық өкілдіктерінде мемлекеттік тулар төмен түсіріледі. Бұл күні Қырғызстанда телеарна мен радиоларда және мәдениет орындарында ойын-сауық бағдарламаларын көрсетпеу сұралады.

XS
SM
MD
LG