Accessibility links

Ақтөбеде "Донецкіде соғысқан" адамға іздеу жариялады


Украинаның шығысындағы ресейшіл сарбаздар. (Көрнекі сурет)

Украинаның шығысындағы ресейшіл сарбаздар. (Көрнекі сурет)

Ақтөбе соты өзін-өзі Донецк халық республикасы (ДХР) деп жариялап алған құрылымның қатарында "Украина әскеріне қарсы соғысты" деп айыпталған Максим Ермоловқа іздеу жариялады. Іздеуге ешқайда шықпау туралы қолхатпен бостандықта жүрген күдіктінің осымен екінші мәрте сот процессіне келмеуі себеп болған.

Сот дерегінше, алғашқы сот отырысы 22 тамыз күні өтуі тиіс болған. Бұл туралы күдіктіге 15 тамыз күні хабарланған. Бірақ Максим Ермолов сотқа келмеген.

Сот қаулысына сай, тамыздың 29-ына белгіленген екінші отырысқа ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) қызметкерлері күдіктіні мәжбүрлеп әкелуі тиіс болған. Алайда ҰҚК тамыздың 29-ы күні таңғы сағат 9-да жедел уәкіл тұрғылықты мекенжайынан Максим Ермоловты таба алмаған. ҰҚК Ақтөбе департаментінен 2 қалалық 2-сотқа жолданған рапортта пәтерде күдіктінің анасы болғаны, оның 18 тамыздан бері ұлын көрмегені баяндалады. Максим Ермолов тамыздың 19-ы күні анасына телефон шалып, жеке куәлігінің көшірмесі мен психиатрдың анықтамасын сұраған. Анасы «құжаттар көшірмесін факспен жібергенін, бірақ телефон нөмірі есінде қалмағанын» айтқан.

Судья Нұрлан Бисени «күдікті заңсыз жолдармен ел аумағынан шығып кеткен болуы да мүмкін» деп мәлімдеп, Максим Ермоловтың үстінен қозғалған қылмыстық істі тоқтатып, оған іздеу жариялады. Сот қаулысына сай, күдікті жүрген жері анықталған бойда қамауға алынады.

Сонымен қатар судья Бисени «адамзат үшін қауіпті ауыр қылмыс жасаған күдіктіні дер кезінде қамауға алмаған» ҰҚК Ақтөбе облыстық департаментіне қатысты да жеке қаулы қабылдады.

Ақтөбе облыстық сотының хабарлауынша, жергілікті тұрғын Максим Ермолов 2014 жылғы қыркүйек пен 2015 жылғы ақпан айы аралығында Украинаның Донецк облысына барып, әскери қақтығыстарға қатысқан, қолына қару алып, ДХР жетекшілерініңтүрлі тапсырмаларын орындаған, Донбасстағы «Оптима» қонақ үйіне бекінген әскери бөлімді күзеткен.

ҰҚК Максим Ермоловты 2015 жылы ақпан айында жеке шаруаларымен Қазақстанға оралғанда ұстап, оған қылмыстық кодекстің 172-бабы бойынша айып таққан.

XS
SM
MD
LG