Accessibility links

ОҚО: Мақтарал ауданында жеті ауыл әкімі пара алу күдігімен ұсталды


Оңтүстік Қазақстан облысының аумақтық картасы (Көрнекі сурет).

Оңтүстік Қазақстан облысының аумақтық картасы (Көрнекі сурет).

Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданында жеті ауылдың әкімі парамен ұсталды. Бұл туралы Азаттыққа мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті хабарлады.

Департаменттің мәліметінше, Мақтарал ауданының ауыл әкімдері мектепке дейінгі ұйымдармен бірлесіп «Балапан» және «Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына» мемлекеттен бөлінген 100 миллион теңгеден астам қаржыны талан-таражға салған.

«Лауазымды тұлғалар мектепке дейінгі мекеме басшыларымен бірігіп, тәрбиеленушілердің жалған тізімін жасаған. Бір баланы бірнеше балабақша тәрбиеленушілерінің тізіміне енгізіп, бала санын қолдан көбейткен. Осылайша жұмсалатын шығын көлемін өсірген» деп жазады департамент хатында.

Департаменттің мәліметінше, «Жаңа жол» ауылдық округінің әкімі У. Сатыбалдиев есепшісі К. Омаровпен және «Айсана ана», «Жас Шуақ» ЖШС-ның басшысы А. Биболовпен келісіп бюджеттің 39,8 миллион теңгесін жымқырған.

Департамент Мақтарал ауданындағы Жаңа жол, Мырзакент, Атакент, Еңбекші, Жамбыл, Иіржар, Қалыбекова ауылдық округінің әкімдері жалпы сомасы 4 миллион 920 мың теңге пара беру кезінде ұсталғанын айтады. «Әкімдер қылмыстық жауапкершіліктен құтылу үшін департамент мамандарына пара бермек болғаны» да мәлімделді.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

XS
SM
MD
LG