Accessibility links

Ақтөбеде "терроршылар тізіміне" қате енгендер сотқа жүгінді


Ағайынды Самат пен Санат (сол жағында) Қожаниязовтар сот залында. Ақтөбе, 13 қыркүйек 2016 жыл
Ағайынды Самат пен Санат (сол жағында) Қожаниязовтар сот залында. Ақтөбе, 13 қыркүйек 2016 жыл

Ақтөбе қаласындағы №2 сот 13 қыркүйек күні ағайынды Самат пен Санат Қожаниязовтардың шағымы бойынша жергілікті полицияның үстінен қозғалған азаматтық істі қарай бастады. Мұғалжар ауданындағы Жағабұлақ ауылында тұратын Қожаниязовтар Ақтөбедегі қарулы шабуылдан соң аты-жөндері мен фотосуреттерін іздеу жарияланған "күдікті терроршылар тізімінен" көреді. WhatsApp мессенджері мен әлеуметтік желілерде таралып кеткен нұсқамада ағайынды Қожаниязовтардың туған жылы мен айы, мекенжайы, аты-жөндері ешбір қатесіз берілген. Осыған қарап шағымданушы Самат Қожаниязов «бұл ресми органнан тараған мәлімет екеніне күмәні жоқтығын» айтады.

- Алғашында біраз уайымға салынып, кейін сабамызға түскенбіз. Бірақ соңғы үш айда қате ақпараттың азабын көп көрдік. Кәмелет жасына толып, Мұғалжарға төлқұжат алуға барған қызымыз «менің әкем террорист емес» деп жылап келді. Әскердегі ұлымызға да көп сұрақ қойылған. Қайын інім Санат поштаға барса, ондағылар да біраз әуре-сарсаңға салған. Жақында Маңғыстаудың Бейнеу ауданына қыдырып барған жолдастарымыз «Самат пен Санаттың суреті вокзал жақта әлі ілулі тұр» деп келді. Қашанғы шыдауға болады? Әр күніміз уайыммен өтіп жатыр, - дейді Самат Қожаниязовтың жұбайы Гүлмиза Қалыбекова.

Ағайынды Қожаниязовтар «терроршылар тізіміне кіргізіп жібергені үшін» Ақтөбе облыстық ішкі істер департаментінен 10 миллион теңге талап етіп отыр. Жәбірленуші тарап осындай соманы қате нұсқаманы жариялаған жергілікті газеттен де өндіріп алуға бекінген.

Сотқа куә ретінде қатысқан Ақтөбе облыстық ІІД басшысының бірінші орынбасары Серік Сейсембин «бұл нұсқамаға жергілікті полицияның түк қатысы жоқ» деп санайды. Оның айтуынша, бұл нұсқама полицияның сайтында немесе баспасөз қызметі арқылы тараған ақпарат емес.

- Қызметтік тексеру жүргізіліп, бұл ақпараттың Ақтөбе облыстық ІІД-нен тарамағандығы анықталды, - деді Серік Сейсембин.

Биыл маусымның 5-інде Ақтөбеде 26 адам қару-жарақ сататын екі дүкенге шабуыл жасап, ұлттық гвардияның әскери бөлімін басып алуға тырысқан. Шабуыл мен атыстан ресми мәлімет бойынша жеті адам қаза тауып, 40 шақты адам жараланған. Алты күнге созылған арнайы операция кезінде 18 күдіктінің көзі жойылып, бірнеше адам ұсталған.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев шабуыл жасағандардың "радикалдық діни топ өкілдері болғанын" және олардың "шетелден нұсқау алғанын" мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG