Accessibility links

Ресейде парламент сайлауына дауыс беру басталды


Мәскеудегі сайлау учаскелерінің бір. (Көрнекі сурет.)

Мәскеудегі сайлау учаскелерінің бір. (Көрнекі сурет.)

Ресейде бүгін мемлекеттік дума сайлауына дауыс беру басталды. Ең алғаш болып Қиыр Шығыстағы Камчаткадағы сайлау учаскелері ашылды.

Мемлекеттік дума сайлауына 14 саяси партия түсіп жатыр. Соңғы екі сайлаудан айырмашылығы – бұл жолы парламенттегі 450 орынның тең жартысына партиялық тізім бойынша, ал қалғанына бір мандаттық сайлау округтері бойынша өткен дауыс беру нәтижесінде жеңіске жеткен кандидаттар сайланады.

Соңғы апталарда өткізілген жалпыұлттық сауалнамалар нәтижесі биліктегі «Единая Россия» партиясын сайлаушылардың жартысына жуығы қолдайтынын көрсеткен. Парламенттегі орындардың жартысына жуығын иемденген партия айқын басымдыққа ие болады.

Ресей орталық сайлау комиссияның мәліметі бойынша, барлығы 94 мыңнан аса сайлау учаскелері құрылған. Қазіргі кезде Ресейде және шет мемлекеттерде тұрып жатқан 111 миллион 600 мың ресейлік азамат сайлауға дауыс беру құқығына ие.

Мемлекеттік дума сайлауымен бірге бүгін Ресейдің тоғыз аймағында губернатор сайлауы, ал федерацияның 39 субъектісінде аймақтық заң шығару органдары сайлауы өтіп жатыр.

Ресейде бұған дейін өткен парламент сайлауларында дауыс беру барысында заң бұзу оқиғалары тіркеліп, наразылықтарға ұласқан.

Ресейдегі бүгінгі сайлау елдің батыстағы аймағы – Калининград облысында дауыс беру аяқталғанша жалғасады.

XS
SM
MD
LG