Accessibility links

Адвокат: «Матаевтың салық төлемегенін мойындағаны» жайлы хабар шындыққа сай емес


Қазақстан журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев (сол жақта) және оның адвокаты Андрей Петров сот залында. Астана, 4 тамыз 2016 жыл.
Қазақстан журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев (сол жақта) және оның адвокаты Андрей Петров сот залында. Астана, 4 тамыз 2016 жыл.

Қазақстан журналистер одағының төрағасы әрі ұлттық баспасөз клубының президенті Сейітқазы Матаевтың адвокаты қазақстандық кейбір баспасөз құралдарының «Матаевтың салық төлеуден жалтарғанын сотта мойындағаны» жайлы таратқан хабарларын шындыққа сай емес деп мәлімдегені туралы жұма күні ҚазТАГ ақпарат агенттігі хабарлады.

«Қаржы жымқырған» және «салық төлеуден жалтарған» деген айыптар тағылған Сейітқазы Матаев бейсенбі күні сотта жауап берген. Ол өзіне тағылған барлық айыптарды жоққа шығарып, іске жаңа материалдарды қосуды ұсынған.

«Клиентімнің [Сейітқазы Матаев] аяқ астынан салық төлеуден жалтарғанын мойындағаны туралы бұл хабарлардың барлығы шындыққа жанаспайды» деген адвокат Андрей Петровтың сөзін келтірген ҚазТАГ. Бұл туралы адвокат жұма күні сот отырысы басталар алдында мәлімдеген.

Оның сөзінше, Матаев қыркүйектің 22-і күні өткен сот отырысында өзі басқаратын Ұлттық баспасөз клубының бухгалтерлік есеп-қисабындағы «кемшіліктер» туралы ғана айтқан.

«Тіпті салық есебі бойынша бес жылға дейін түзету енгізіп, есептесуге рұқсат етілген. Мемлекеттік айыптаушының клиентімнен салық тексерісі нәтижесіндегі 250-280 миллион теңге көлеміндегі соманы мойындайсыз ба деген сауалына Сейітқазы Матаев мойындамаймын деп жауап берген. Бірақ тиісінше аудит тобы әзірлеген, кәсіби бухгалтерлер дайындаған құжаттар бойынша қосымша төлем жасап, есеп-қисапты заңға сәйкес келтірген, және дәл осы құжаттар бойынша қосымша төлем енгізген, ал айыптаушы атаған соманы клиентім мойындамайды» деген Андрей Петровтың сөзін келтірген ҚазТАГ.

Сейітқазы Матаев пен оның ұлы Әсеттің үстінен коррупциялық қылмысқа қатысты қозғалған іс бойынша сот процесі 23 тамызда Астанада басталған. Ақпан айында ұсталып, кейін үйқамаққа алынған әкелі-балалы Матаевтар өздеріне тағылған айыптарды жоққа шығарады. Құқыққорғаушы ұйымдар Матаевтарға тағылған айыптардың саяси астары бар деп санайды.

XS
SM
MD
LG