Accessibility links

Ресейде билік партиясы Вячеслав Володинді Дума төрағалығына бекітті


Вячеслав Володин.
Вячеслав Володин.

Ресейде биліктің «Единая Россия» партиясы сенбі күні Мемлекеттік дума төрағасы қызметіне Вячеслав Володиннің кандидатурасын бекітті. Премьер-министр Дмитрий Медведев вице-спикерлікке депутат Ирина Яровая мен журналист Петр Толстойды ұсынды.

Жұма күні соңғы сайлауда парламентке өткен партия өкілдерімен кездесуде президент Владимир Путин жетінші шақырылымдағы Дума төрағасы етіп Володинді сайлауды ұсынған болатын. Ол палата спикері туралы шешімді депутаттардың өздері қабылдауы тиіс екенін айтқан.

2011 жылы желтоқсанда Ресей президенті әкімшілігінің басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалған Вячеслав Володин Кремльдің ішкі саясат жөніндегі кураторы болған. Ол 2014 жылғы «Валдай клубы» отырысында «Путинсіз бүгін Ресей де жоқ» деген сөзімен жұрт назарына ілінген еді.

18 қыркүйекте өткен Мемлекеттік дума депутаттары сайлауының ресми нәтижесі бойынша, «Единая Россия» партиясы парламенттегі 450 орынның 343-ін алып, саяси басымдыққа ие болды. Сонымен бірге билікке адал өзге үш партия да парламентке қайта өткен. Парламентке өту үшін қажетті бес пайыздық межені еңсере алмаған оппозиция сайлау қорытындысын мойындамайтынын мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG