Accessibility links

Ұлттық алдын алу тетігі Слекишинаның ісін бақылауға алды


Алматыдағы әйелдер түрмесі (Көрнекі сурет).
Алматыдағы әйелдер түрмесі (Көрнекі сурет).

Қазақстанның азаптауға қарсы Ұлттық алдын алу тетігінің (ҰАТ) үйлестіру кеңесі түрмеде зорланды делінген тұтқын Наталья Слекишинаның ісін бақылауына алынды.

ҰАТ баспасөз қызметінің хабарлауынша, ҰАТ Алматы қаласы және облысы бойынша аймақтық тобының өкілдері 22 қыркүйекте Слекишина отырған түрмеге барған. "ҰАТ өкілдері Слекишинаға оның қылмыстық іске қатысты құқығын түсіндіріп, заңдық көмек алуына көмектесті" делінген ҰАТ таратқан ақпаратта.

Наталья Слекишина 2015 жылы Алматыдағы қылмыстық атқару жүйесі департаментінің ЛА-155/18 түрмесінде қамауда отырғанда өзін бір топ адам зорлады деп мәлімдеген. Слекишина бұдан соң жүкті болып, қыз туғанын айтқан. Сараптама нәтижесінде дүниеге келген сәбидің әкесі осы түрме қызметкерлерінің бірі екені анықталған. Күдікті ретінде түрменің төрт қызметкері тергелген. Бұл іс бойынша түрме қызметкері, 37 жастағы Руслан Хакимов сотталып жатыр. Руслан Хакимовке "кісі зорлады", "қызметтік өкілетін асыра пайдаланды" деген айыптар тағылған. Сот тамыздың 11-інде басталып, Алматының Түрксіб аудандық сотында жабық түрде өтіп жатыр.

ҰАТ қазір Слекишина жазасын өтеп жатқан абақтыға тәулік бойы бақылау камерасы орнатылып, тергеу изоляторындағы бақылау камералары қатаң бақылауға алынғанын айтады.

Қазақстан бас прокуратурасы өткен аптада Слекишинаның шағымына қатысты тексеру жұмыстарын бастағанын хабарлаған.

ҰАТ ақпаратына қарағанда, Слекишинаға қатысты мәселе адам құқығы жөніндегі уәкіл жанындағы үйлестіру кеңесінде қаралған. ҰАТ бұл мәселе түрмедегі зорлықты болдырмаудың жүйелі шараларын жасау қажеттігін көрсетті дейді.

XS
SM
MD
LG