Accessibility links

Сағынтаев Алматы облысындағы кісі өлімін тергеуді бақылауды тапсырды


Бақытжан Сағынтаев, премьер-министр.
Бақытжан Сағынтаев, премьер-министр.

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовқа Алматы облысында кісі қолынан қаза болған ағайындылар өлімі ісін тергеуді бақылауға алуды тапсырды деп хабарлады Tengrinews.kz сайты.

Астанада өтіп жатқан үкімет отырысында Сағынтаев ағайынды кісілердің өілімі жұртты алаңдатып отырғандықтан бұл істі бақылауына алуды жәнеөзіне оған қатысты мәлімет беруді сұраған.

Өткен аптада осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақстанға Қытайдан көшіп келген оралман үш азамат – Жарқынбек Долданұлы, Мұқият Зарлыханұлы және Қадылбек Әлімхан Алматы түбіндегі Ұзынағаш ауылындағы базарға мал сатуға келген соң хабарсыз кетіп, бірнеше күннен соң қайтыс болғаны хабарланған.

Қасымов бұл оқиғаға қатысты мәліметті нақтылап айтып берді. "20 қыркүйекте бізге азаматтардың Алматыға мал сатуға кетіп, жоғалып кеткені туралы арыз түсті. 21 қыркүйекте біз бір көлікті таптық. Олар екі көлікпен 41 бас малды Алматы облысындағы базарға сатуға апарған. 23 қыркүйек күні екінші көлікті таптық" деді Қасымов.

Министрдің сөзінше, ағайындыларды өлтірді деген күдікпен Жамбыл ауданының екі тұрғыны ұсталған. Күдіктілер ағайындыларды малдарын сатып аламыз деп алдап тауға апарып, үшеуін де өлтірген. Күдіктілер өлтірген адамдарын көмген орынды көрсетіп, тиісті сараптама тағайындалған.

Қасымовтың есебінен соң Сағынтаев таяу уақытта қоғамдық қауіпсіздік пен зорлық-зомбылықпен күрес мәселелері үкімет отырысында қаралатынын айтқан.

Бұған дейін ағайынды кісілердің туысы Тұрсын Әмірбайұлы Азаттыққа полиция өздеріне жоғалғандардың сүйектері Алматыдан 200 километрдей қашықтықтан табылғанын айтқанын хабарлаған. Әмірбайұлының сөзіне қарағанда, Алматы облысы Көксу ауданында тұрған үш азаматтың әрқайсысының артында үштен, екіден жас баласы, қарт ата-анасы қалған.

Марқұмдарды жерлеу рәсімі бүгін өтіп жатыр.

XS
SM
MD
LG